Дана Нұржігіт: «Қазіргі журналистің басты капиталы – ар-ұяты мен жауапкершілігі»

Отандық БАҚ саласында өзіндік қолтаңбасы бар белгілі тележурналист, Дана Нұржігітпен Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында сұхбаттастық.  Медиа айдынында ширек ғасырдан астам тәжірибесі бар маман қазіргі қазақ журналистикасының жетістіктері мен  түйткілді тұстарын ашып айтты. Сонымен қатар, тіл тазалығы, жасанды интеллекттің ықпалы және заманауи журналистің ішкі цензурасы мен кәсіби жауапкершілігі төңірегіндегі өзекті ойларын «24KZ» тілшісімен бөлісті.

 

Дана ханым, бүгінгі қазақ журналистикасының даму деңгейін қалай бағалайсыз? Жетістігіміз бен кемшілігіміз қандай тұстарда көрініс тауып отыр?

Бүгінгі журналистиканың басты жетістігі – технологиялардың қарыштап дамуы деп есептеймін. Ал ақсап тұрған ең жанды жеріміз – тіл тазалығы мен кәсіби жауапкершілік. Қазіргі таңда шұбар тілдің нормаға айналып бара жатқаны жасырын емес. Қазақ тіліне ағылшын мен орыс сөздерін араластырып, осы үрдісті қалыпты жағдай ретінде қабылдау процесі жүріп жатыр десем, қателеспеймін. Тіпті, «егер тілді олай шұбарландырмасақ, рейтингке шыға алмаймыз, қаралым төмендеп кетеді» деген пікірлер де айтылып қалады. Яғни, әлеуметтік желінің алгоритмдеріне сәйкес жұмыс істеу үшін өз ана тілімізді жығып беру процесі жүруде. Бұл – жай ғана реніш емес, ішімдегі өзекті өртейтін үлкен өкініш.

Бұл мәселені шешудің қандай жолдарын ұсынасыз?

Тіл тазалығын сақтау үшін барлық журналистер қауымы жиналып, бір мәмілеге келетін үлкен медиафорумдар немесе арнайы шаралар ұйымдастыруымыз керек сияқты. Ортақ бір байламға келуіміз қажет. Әсіресе, бұл жерде БАҚ-тағы бас редакторлардың рөлі өте зор. Ал екінші жағынан, блогерлер өз алдына тілді шұбарландырып жатыр. Оларға ешқандай тұсау жоқ, себебі өздеріне өздері бас редактор. «Өзім би, өзім қожа» деп жүрген адамдар ғой. Ал журналист деген мәртебелі атқа ие, кәсіби деңгейде жұмыс істейтін мамандар тілге барынша сақ болуы тиіс.

 Cіз Парламент Сенатының депутаты болып, заң шығарушы билікте болдыңыз. Саясат мінберінен кейін экранға, яғни өзіңіздің төл кәсібіңізге қайта оралу қалай болды?

Мен журналистикаға келгеніме еш өкінбеймін. Бұл – маған шексіз қуаныш сыйлайтын, өміріме мән беретін, маған лайықты орта тауып берген және мені тұлға ретінде қалыптастырған мамандық. Бұл жұмыс мені қайта кемелдендіре түсті, өмірді мүлде басқа қырынан тануға мүмкіндік берді. Сондықтан маған саясаттан медиа айдынына қайта оралу қиындық тудырған жоқ. Керісінше, мен бұл салаға сусап, сағынып келдім.

Телевизияның қатаң форматынан интернеттің еркіндігіне өтіп бейімделу қалай болды?

Ақпарат айдынында Youtube арнасының пайда болғанына өте қуанамын. Себебі, кезінде телевидениеден кеткен журналистерге ешқандай балама  болмайтын еді. Тіпті, зейнетке шыққаннан кейін өз кәсібін сағынып, телеарналарды жағалап, депрессияға түсіп жүрген әріптестерімді өз көзіммен көрдім. Ал бүгінде Youtube журналистердің кәсіби зейнет жасын ұлғайтты және оларға шығармашылық еркіндік сыйлады. Ол – шексіз мүмкіндік алаңы.

Тек журналистер ғана емес, кез келген кәсіп иесінің өз Youtube арнасы болғаны дұрыс. Бұл – қазіргі цифрлық әлемде өзіңнің жеке архивіңді жинау, цифрлық із қалдыру деген сөз.

Телевидениеде «формат» деген дүние бар, уақыт шектеулі. Ал интернетте сен – өз контентіңнің толыққанды қожайынысың. Оның уақытына да, мазмұнына да өзің жауап бересің. Бұл тұрғыдан алғанда, кешегі ТВ саласынан келген тәжірибелі мамандарға технологиялық жағынан ешқандай қиындық тумайды. Осыдан екі жыл бұрын өз Youtube арнамды ашқаныма еш өкінбеймін. Бастапқыда оңай болған жоқ, бірақ бұл – тағы бір сатыға өсудің, дамудың жолы. Осы жерде еш қиындыққа қарамай, тәуекел еткенім үшін өзімді арқамнан қағып мақтауыма да болады (күліп). Бір өкінерім – бұл істі сәл ертерек бастауым керек еді.

Қазіргі таңда жеңіл хайп пен арзан трендтер алдыңғы орынға шықты. Мұндай заманда салмақты контентті қалай ұстап тұруға болады?

 Иә, арзан хайп пен тренд заманында салмақты контент жасау оңай емес. Егер қазіргі қаптаған контенттің ішінен көрермен сенің өніміңді таңдасын десең, хайп пен трендтің технологиясын да білуің керек. Одан қашудың қажеті жоқ. Мысалы, тақырыпты «айқайлатып» қойғаннан кейін, көрермен сол сілтемені ашып, видеоны соңына дейін тамашалауы үшін ішіндегі мазмұны өте салмақты болуы тиіс.

Бір сөзбен айтқанда, хайп іздеп кірген адам ішінде тұщымды дүниені көруі керек. Бастысы – тақырып тартымды болса да, материал салмақты, терең болсын. Ол жеңіл-желпі әңгіме емес, аналитикаға құрылған сұхбат болуы шарт. Сонда жеңіл дүние іздеп кірген адам, керісінше, тереңдікке үңілетіндей сапалы контентке тап болады.

Қазір жасанды интеллект мәтін жазады, дауысты өңдейді, тіпті виртуалды жүргізушілер пайда болды. Жақын болашақта AI журналистерді жұмыссыз қалдыруы мүмкін бе? Бұл заманда журналистің басты құндылығы неде болмақ?

Технологиялар шынымен өсті, материалды тез әрі сапалы жасауға мүмкіндік өте көп. Біз кезінде ауыр кассеталарды көтеріп, оны монтаж бөлмесіне жеткізіп, кодировкадан өткізіп, ұзақ отыратын едік. Қазір соның бәрін жасанды интеллектке салып жіберіп немесе түрлі қосымшаларды қолданып, қас қағым сәтте дайындауға болады. Бірақ технология қанша дамыса да, адамның адами қасиеті мен жауапкершілігі ешқашан маңыздылығын жоғалтпайды.

Рейтинг үшін кейіпкердің тағдырымен ойнау, оны ойыншық қылу ешкімге абырой алып бермейді. Өкінішке қарай, қазір сол абыройды ойлау қасиеті жиі кездесе бермейді. Сондықтан журналистің ішкі моральдық принциптері, ішкі цензурасы болуы керек. Қазақтың «ала жіпті аттамау» деген ұлы сөзін ешқашан ұмытпауымыз қажет.

 Кейіпкердің айтпаған сөзін айтқызып қою, монтажды өзіңе қалай тиімді болса, солай ойнату – бұл «қазаншының рөлінде» отырған журналистің қателігі. Сондықтан біздің жауапкершілігіміз он есе жоғары болуы тиіс. Ақиқатқа қарсы әрекет етуге әсте болмайды.

Жақында ғана кәсіби мереке аясында бірқатар әріптестеріміз мемлекеттік марапаттар мен аталымдарға ие болды. Жалпы, сіз үшін марапаттың, атақ пен даңқтың маңызы қаншалықты?

Мен марапат алған адам ретінде айтсам,марапаттың қуанышы бір ғана сәт. Шын айтамын!

Екінші күн-ақ мен кешегідей жұмысқа кірісемін. Журналистиканың қызығы мен шыжығына батамын. Кейіпкерлерімді зерттеймін,кездесулерге барамын,материал дайындаймын,командаммен талқылаймын. Сол сәтте “келесі марапат алайын” деп ойлайтын адам болсам,демек ақымақ болғаным ғой!(күледі)

Журналист марапат үшін жұмыс істемейді,сайып келгенде, ешкім үшін емес! Өзі үшін! Оның табиғаты сондай! Ол әлемде болып жатқан құбылыстарға енжар қарай алмайтын,соны қоғамға жеткізуге асық,бірге біліп,бірге зерттеуге,ойлануға,саралауға шақыратын  адам болғаны үшін осы мамандықта жүр. Бұл салада амалсыздан жүрген бірде-бір адамды көргенім жоқ!

Әңгімеңізге рақмет! Мереке қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?

Кәсіби мерекеміз құтты болсын, әріптестер! Қаламымыз қарымды, айтар сөзіміз қоғамға ой салатын, әлеуметті оң жаққа өзгертетіндей қуатты болсын. Бәрімізге мықты денсаулық және қоғам алдындағы жоғары жауапкершілік тілеймін. Сол кезде ғана журналистке, біздің кәсіпке деген шынайы сенім ұялайды. Қоғамымыздың бізге артқан зор сенімінен шыға білейік!