Халықтың табысын арттыруға басымдық беріледі
Үкімет биыл инфляцияны 10 пайыздан төмен түсірмек.
Бұл жайында Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында мәлімдеді. Айтуынша, былтыр қыркүйекте инфляция 12,9 пайызға дейін жеткен. Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен жұмысының нәтижесінде биыл 5 айдың қорытындысы бойынша 10,4 пайызға дейін төмендеген. Енді алдағы уақытта оны 10 пайыздан төмен түсіру жоспарланып отыр. Премьер-министр халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған кешенді жоспар қабылданғанын да айтты. Құжатта жалақыны көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау, кадр даярлау және әлеуметтік қолдау шаралары қамтылған. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындар қызметкерлерінің еңбекақысын арттыруға да ерекше назар аударылмақ.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Биыл біз жалпы экономика бойынша халықтың нақты табысының көрсеткіштері өсуі үшін барлық шараларды қабылдайтын боламыз. Халықтың табысын арттыру жөніндегі жеке жоспар қабылданды,онда біздің бағалауымыз бойынша халықтың нақты табысының өсуіне алып келетін барлық шаралар егжей-тегжейлі қамтылған. Бұл бүгінгі таңда импорттап отырған қажетті тауарларды өндіруді де, қызметкерлердің жалақысын арттыру жөніндегі шараларды да, сондай-ақ мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындардың өзара міндеттемелері шеңберінде еңбекақыны көтеруді де қамтиды. Сондықтан осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.