Астанада жас сарапшыларға арналған білім беру жобасы басталды

Астанада жас зерттеушілер мен сарапшыларға арналған «Jastar Research Hub» білім беру жобасы басталды. 

Оған қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен 250 адам өтінім берген. Оның ішінен іріктелген 30 жас ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік Басқару академиясында білім алады. Олардың қатарында магистранттар мен докторанттар бар. Бірнеше күнге жалғасатын жобада қатысушылар отандық жетекші мамандардан дәріс алып, сараптама, шешендік өнер, көпшілік алдында сөйлеу және жеке брендті дамыту дағдыларын меңгереді. Ал белсенділік танытқандар Жас сарапшылар пулына қосылады. Жоба жастардың зерттеу және талдау қабілеттерін арттырып, мемлекеттік саясатты ғылыми негізде қалыптастыруға үлес қосатын жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған. Дәріс алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілмек. 

Гүлісхан Нахбаева, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:

- Енді бұл жобаны жас сарапшылардың әлеуетін дамыту, зерттеу қабілеттерін нығайту, мемлекеттік саясатты халық арасында дұрыс ілгерілету мақсатында жүзеге асырып жатырмыз. Өңірлерден де жас сарапшылар келіп отыр. Біз де өз тарапымыздан мемлекетке қажет жас сарапшылардың пулын қалыптастырамыз деген мақсатпен қолға алып отырмыз.