Түркістан облысында 59 гектар жер мемлекетке қайтарылды

Түркістан облысында кадастрлық құны 48 млн теңге болатын 11 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. 

Бұл туралы Жетісай аудандық прокуратурасы жер заңнамасының сақталуына қатысты жүргізілген талдау қорытындысы бойынша хабарлады. Қадағалаушы органның мәліметінше, тексеру барысында жалпы аумағы 59 гектар болатын игерілмеген, иесіз қалған және заңсыз табысталған жер учаскелері анықталған. Прокуратураның қадағалау актісі негізінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орган сотқа талап арыз түсірді. Сот актілері негізінде заңсыз берілген, игерілмей және иесіз қалған жер учаскелері мен заңсыз табысталған жерлер мемлекетке қайтарылды. Жауаптылар бұл бағыттағы талдау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін айтады.

Азамат Айтуған,  Жетісай ауданы прокуратурасының прокуроры:

- Сот актісі заңды күшіне енді. Заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мемлекет мүддесін қорғау және заңсыз табысталған мүліктерді қайтару прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.