Түркістан облысында бюджет қаражатын жымқырған лауазымды тұлғалар ұсталды
Түркістан облысында бюджет қаражатын жымқырған лауазымды тұлғалар ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».
Сарыағаш ауданының прокуратурасы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Аялы алақан» және «Қамқор» әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары коммуналдық мемлекеттік мекемелерінде бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалғанын анықтады.
Тексеріс барысында мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша іс жүзінде жеткізілмеген тауарлар мен орындалмаған қызметтер үшін бюджет қаражаты аударылғаны белгілі болды.
Атап айтқанда, мекеме лауазымды тұлғалары бірқатар жеке кәсіпкерлермен келісіп, нақты жеткізілмеген тауарлар мен көрсетілмеген қызметтерді қабылдау актілеріне қол қою арқылы бюджет қаражатын негізсіз аударған.
Прокуратураның бастамасымен тағайындалған сот-бухгалтерлік сараптама қорытындысына сәйкес мемлекетке келтірілген материалдық залал көлемі 13,3 млн теңгені құрады.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 3-бөлігімен (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз