Елордада Халықаралық инвестициялық диалог басталды
Астанада мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға арналған Халықаралық инвестициялық диалог басталды.
Саланың негізгі ойыншылары бір үстел басында жиналды. Үкімет мүшелері, халықаралық банкирлер мен ірі бизнес өкілдері бас қосатын жиыннан қандай нәтиже күтеміз?
Бұл жолғы жиынның ауқымы зор. Мұнда Қазақстан Үкіметінің мүшелері, Азия Даму Банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Халықаралық қаржы корпорациясы сияқты әлемдік алпауыттар жиналды. Қазірдің өзінде жүз алпыстан астам қатысушы тіркелген. Жиынға қызығушылықтың артуы кездейсоң емес дейді ұйымдастырушылар. Өйткені бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік нақты нәтиже беретін басты құралға айналған. Жаңа мектептер, заманауи ауруханалар, студенттік жатақханалар мен жолдар – осы тетік арқылы бой көтеріп жатыр. Спикерлер мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында іске асып жатқан ірі жобаларға тоқталды. Саланың экономикалық салмағы жылдан жылға артып келеді. Бүгінде мемелкеттік-жекеменшік әріптестік қалай дамып жатыр? Бұл жайын осы орталықтың өкілінен сұрап білейік.
Айдос Кобетов, «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Таңғы сессияда халықаралық банкирлер мен билік өкілдері инфрақұрылымды трансформациялауды талқыласа, түстен кейін нақты іске көшеді. Тәжірибелі спикерлер бизнес-идеяны әзірлеуден бастап, оны нарыққа шығаруға дейінгі дайын кейстерді ұсынады.
Ең бастысы – жиында «маркет саундинг», яғни нарықтық консультациялар сессиясы өтеді. Бұл – отандық кәсіпкерлер үшін өз жобаларын әлемдік инвесторлармен тікелей, ешбір делдалсыз талқылауға берілген бірегей мүмкіндік. Осылайша, мемлекет пен халықаралық капитал бірлесе отырып, отандық экономиканың мүлдем жаңа келбетін қалыптастырмақ. Азия Даму Банкі мен Қазақстандық Мемлекеттік жекеменшік әріптестік орталығы ұйымдастырған шарада ең өзекті мәселелер осы.