Елде медициналық университеттер жанынан ауруханалар салынады

Бұл жайлы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға арналған Халықаралық инвестициялық форумда айтылды. 

Алқалы жиында Үкімет мүшелері, Азия Даму Банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Халықаралық қаржы корпорациясы сияқты әлемдік алпауыттар бас қосты. Іс-шараға барлығы жүз алпыстан астам қатысушы тіркелген. Олар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асып жатқан ірі жобаларды талдады. Олардың қатарында халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп қолға алынған 7 жоба бар. Атап айтқанда, Қарағанды, Семей, Ақтөбе қалаларында университеттік ауруханалар құрылысы, Алматыда студенттік жатақхана салу және «Алматы-Ыстықкөл» көлік жолы мен Маңғыстаудағы теңіз суын өңдейтін зауыт құрылысы бар.

Такео Коике, АДБ нарықтарды дамыту және мжә кеңсесінің басшысы:

- Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы реформалардан кейін нарық нақты нәтижелерді күтіліп отыр. Қазір біз Үкіметпен бірге жеке секторға арналған 3 маңызды жобаны қолға алдық. Олар: Қарағандыдағы емхана құрылысы, шағын гидроэлектрстанциялары бағдарламасы және Satbayev Университетінің жатақханасы. Азия даму банкінің елге салған жалпы инвестициясы 8 миллиард доллардан асты. Біз әлеуметтік инфрақұрылым мен энергетика бағыттарын одан ары кеңейтеміз.

Жиында «маркет саундинг», яғни нарықтық консультациялар сессиясы өтті. Бұл – отандық кәсіпкерлер үшін өз жобаларын әлемдік инвесторлармен тікелей, ешбір делдалсыз талқылауға берілген бірегей мүмкіндік. Соңғы деректерге сүйенсек Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 1241 келісімшарт жасалған. Олардың жалпы құны 3,5 трлн теңгеден асады.