Ақши ауылында кәріз суын тазартатын станция салынып жатыр

Алакөлдің жағалауындағы Ақши ауылында кәріз суын тазартатын станция салынып жатыр. Курортты аймақтағы ауқымды жоба былтыр басталып, бүгінгі күнге дейін 70 шақырым инженерлік желі тартылды.

Айта кетейік, өткен жылы мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдарға жағалау аумағын ретке келтіруді, туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды, сондай-ақ демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді міндеттеген болатын. Президент тапсырмасы аясында Жетісу облысында қандай жұмыс қолға алынғанын тілші тарқатады.

Алакөлдің жағалауында 300-ден астам демалыс орны бар. Кәсіпкерлер  жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалғанымен  шешімін таппаған өзекті мәселелер де жетерлік,- дейді.

Айгүл Қалшыбекова, кәсіпкер:

- Ең бастысы электр жарығы мүлде өшпесе екен дейміз. Өйткені тоңазытқыш істен шығып, дайындаған азық-түлік қорымыз бүлінеді. Кәріз жүйесіне қатысты да мәселе өте көп. Кәрізді жиі тазартуға мәжбүрміз. Былтыр маусым кезінде әр үш күн сайын арнайы көлік шақырып отырдық. Бір жазда оған 1,5 миллион теңге жұмсадық.

Демалыс орнының иелері көптен күткен кәріз жүйесі келесі жылы іске қосылады. Мердігер мекеме директоры бекітілген жұмыстың 70 проценті аяқталды,- дейді.

Мәди Отарбаев, мердігер мекеменің техникалық директоры:

- 31 қыркүйекте бітіреміз. Содан кейін неміс құрылғысын қойып, ілгерілетеміз. 1-2 ай шамасында. Қыста 2-3 ай технологияны орнына келтіріп, 2027 жылы пансионаттар орталық канализацияға қосылғанда бәрі жоба бойынша істейді.

Коммуналдық жағажайдағы тазалықты сақтау үшін дәретханалар мен киім ауыстыратын орындар салынды. Сонымен қатар 720 қоқыс контейнері қойылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.

Еламан Тайкин, коммуналдық мекеме директоры:

- Көл жағалауының тазалығын сақтауға 39 адам қызмет етіп жатыр. Биыл 21 техника алынған. Оның ішінде 5 мусоровоз, трактор, камаз, арнайы техникалар,  қайық бар. Демалушылардың жайлы демалуларына үздіксіз қызмет атқарады.

Ал қауіпсіздікті қамтамассыз ету үшін қалқымалы белгілер тартылған. 25 құтқару мұнарасы орнатылып, шағын көлемді қайықтар тоқтайтын орын әзірленді. Одан бөлек, құтқарушылар мен  әскери бөлім қызметкерлері кезекшілік атқарады. Биыл шипалы суға шомылуға 2 млн турист келеді,- деп жоспарланып отыр.

Татьяна Арзюкова, турист:

- Бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы. Бірақ қызмет көрсету деңгейі одан әрі жақсарса, тіпті керемет болар еді.

Тілес Тастанбеков, турист:

- Жылдан жылға туризм дамып келе жатыр. Жарбұлақтың жағасында арбат бар. Ал бізде ондай жоқ. Арбат сияқты салып, елдің көңіл-күйін көтеретіндей аквапарк салып дамытса күшті болар еді.

Алакөлде былтырдан бері 13 шақырымдық жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін Көктұма ауылында 1 км, ал Ақшиде 200 метр жағажай бетондалды. Ауқымды жобаны келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов