Өрт, су тасқыны, жер сілкінісі: қазақстандықтар үйін неге сақтандырмайды?

Фото: depositphotos.com

Өрт, қысқа тұйықталу, су басу немесе найзағай соққысы. Үйден айырылу үшін міндетті түрде ірі табиғи апат болуы шарт емес. Өткен жылы Қазақстанда 12 мыңнан астам өрт тіркелген, деп хабарлайды «24KZ».

Ranking.kz мәліметінше, оның шамамен 60%-ы тұрғын үй секторында болған. Негізгі себептердің қатарында адам факторы, электр сымдарының ақауы және пешті пайдалану ережелерін бұзу бар.

Табиғи қауіптер де аз емес. Су тасқыны, нөсер, қатты жел, ал оңтүстік өңірлерде жер сілкінісі тұрғын үйлерге қауіп төндіреді. ЮНИСЕФ дерегіне сәйкес, Қазақстан аумағының шамамен 75%-ы түрлі табиғи апаттар қаупі бар аймақта орналасқан.

Соған қарамастан, тұрғын үйді сақтандыру деңгейі төмен. Табиғи апаттардан сақтандыру полисі елдегі баспана иелерінің небәрі 3,2%-ында бар. Сейсмикалық қауіп жоғары Алматы қаласында бұл көрсеткіш 7,7%-ды құрайды.

Соңғы жылдары су тасқыны да тұрғындарға айтарлықтай шығын келтірді. Мәселен, 2024 жылы су тасқыны салдарынан 17 мыңнан астам үй бүлініп, оның 8 мыңнан астамы қалпына келтіруге жарамсыз деп танылған.

Мамандардың айтуынша, тұрғын үйді сақтандыру төтенше жағдай кезінде келетін шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Алайда халық арасында сақтандыру мәдениеті әлі де төмен. Көптеген азаматтар мұндай жағдайда жеке қаражатына немесе мемлекеттік көмекке үміт артады.

Сарапшылар табиғи қауіп-қатерлердің артып отырғанын ескеріп, азаматтарға мүлікті қорғау тетіктерін алдын ала қарастыру қажеттігін атап өтеді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз