Елде цифрлық медицинаға арналған платформа іске қосылды

Астанада жасанды интеллект негізіндегі медициналық технологияларды әзірлеу мен енгізуге арналған жаңа алаң іске қосылды.

«MedHub HAQ» жобасының мақсаты дәрігерлер мен ғалымдарды, жоғары оқу орындарын және IT-әзірлеушілерді бір экожүйеге біріктіру. Аталған бағдарлама медициналық стартаптарды сүйемелдеп қана қоймай, дәрігерлер мен айти мамандарға кеңес беріп, иесі жасырын медициналық деректермен алмасатын платформаны дамытуға көмектеседі. Қазір «MedHub HAQ» платформасында бірқатар стартап жүзеге асып жатыр. Шара барысында жоба авторлары стартаптың ұтымды тұстарын таныстырып, оның барша қолданушылар үшін қолайлы платформаға айналатынына сенім білдірді. 

Әлия Өтегенова, цифрлық жобаның жетекшісі:

- Біз баланың бірыңғай денсаулық картасын жасап жатырмыз. Сол арқылы дәрігерлер талдау нәтижелерін бағалап, мамандар мен ата-аналардың назарын қандай мәселелерге аударуы қажет екенін анықтауға болады. Осылайша, баланы түрлі ауруға шалдығуының алдын алуға мүмкіндік бар. Аталмыш жобаны бірқатар мектеп пен емханада пилоттық режимде сынақтан өткіздік. Нәтижесі жаман емес. Қазір MedHub-пен бірлесіп, жобаны Қазақстанның барлық өңірінде, кейін өзге елдерде жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.