Атырау облысында полиэтилен зауытының құрылысы қарқын алды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Атырау облысында жылына 1 миллион 250 мың тонна полиэтилен зауытының құрылысы жоспар бойынша жүріп жатыр.
Қазір жұмыстың 32 пайызы аяқталған. «Силлено» кәсіпорны қосылған құны жоғары, экспортқа бейімделген өнім шығаруды мақсат етеді. Этилен өндірілетін пиролиз қондырғысының қадасы қағылып, іргетасы құйылып жатыр. Ал полимерлеу алаңы мен зауыттың жалпы шаруашылық нысандарын салу бойынша жер жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар ірі технологиялық жабдықтың алғашқы партиясы елге келді. Ал Атырауда өндірілген, биіктігі 102 метр, салмағы шамамен 1,5 мың тонна болатын технологиялық бағана құрылыс алаңына жеткізілді.
Асхат Хасенов, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- Бұл жоба Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен іске асырылып жатыр. Жобада қазақстандық қамтуға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, қондырғылар, барлық қысымды ыдыстар, металл конструкциялардың басым бөлігі, сондай-ақ бетон жұмыстарының барлығы қазақстандық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда құрылыс алаңында 2 мыңға жуық адам еңбек етіп жатыр.
Құрылыс алаңында 300 арнайы техника жұмылдырылған. Болашақта 15 мың адам жұмысқа тартылмақ. Мұндай кезде өндірістік қауіпсіздік басты назарда болады.
Әсет Нөгербеков, «Силлено» ЖШС құрылыс жөніндегі директоры:
- Жақында негізгі технологиялық жабдықтарды монтаждау басталады. Жобаға 2 мың және 4 мың тонна жүк көтеретін бірегей крандар тартылады. Биыл Қазақстан үшін бірегей ірі криогендік резервуарларды орнату көзделген.
Жоспар бойынша зауыт 2029 жылы іске қосылып, алғашқы өнімді шығарады. Жоба полиэтилен импортына деген тәуелділікті төмендетеді. Кәсіпорын елдегі сұранысты өтеумен қатар, өнімдерін Еуропа, Қытай, Түркия және ТМД елдеріне экспорттайды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов