Павлодарда алаяқтарға алданған зейнеткерлер банкте петарда жарып жіберген

Павлодар қаласындағы банктердің бірінде пиротехникалық бұйымның жарылғаны туралы полицияға хабарлама түсті. Оқиға салдарынан екі зейнеткер жеңіл жарақат алды, деп хабарлайды «24KZ».

Полицияның мәліметінше, зейнеткерлер телефон алаяқтарының құрбаны болған. Бұған дейін олар жалған инвестициялық жобаларға ақша салып, қомақты қаржысынан айырылған. Аталған факті бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр: дропперлердің рөлін атқарған тұлғалар анықталып, жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ сот тәртібімен жәбірленушілердің ұрланған қаражатын қайтару бойынша шаралар қабылдануда.

Соған қарамастан, алаяқтар жәбірленушілермен қайта байланысқа шыққан. Бұрын салынған қаражатты қайтарып береміз деген желеумен және психологиялық қысым көрсету әдістерін пайдаланып, олар зейнеткерлерді торт пен петарда сатып алуға көндірген. Алаяқтардың нұсқауын орындаған зейнеткерлер торттың ішіне салынған петарданы тұтатқан.

Аталған факті бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерді анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасуда.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ескертеді: егер адам бір рет алаяқтардың құрбаны болса, оны қайта алдап кету қаупі айтарлықтай жоғары болады. Қаскөйлер жәбірленушілермен қайта хабарласып, ұрланған ақшаны қайтарып береміз, өтемақы немесе дивиденд төлейміз, не ірі ұтыс ұттыңыз деп сендіруге тырысады. Мұндай ұсыныстардың барлығы – алаяқтық схемасының жалғасы.
Азаматтарды барынша қырағы болуға шақырамыз. Бұл алаяқтық тәсілдер туралы ата-аналарыңызға, қарт туыстарыңызға, жақындарыңызға және таныстарыңызға міндетті түрде айтып беріңіздер. Себебі психологиялық ықпалға көбіне егде жастағы адамдар ұшырайды.

Естеріңізде болсын: банк қызметкерлері, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің, инвестициялық компаниялардың немесе басқа да ұйымдардың өкілдері ешқашан ақша аударуды, күмәнді не қауіпті әрекеттерді орындауды немесе телефон арқылы бейтаныс адамдардың нұсқауын орындауды талап етпейді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз