Елорданың жаңа дизайн-коды әзірленді

Жаздың соңына дейін елорданың жаңа дизайн коды бекітіледі. Қазір қала әкімдігі құжаттың соңғы талаптарын пысықтап жатыр.

Жаңашылдықтың бірі - енді жаңа тұрғын үйлердің қасбетіне кондиционерлерге арналған арнайы қораптарды орнату міндеттеледі. Ал бұрын салынған ғимараттарға бұл талап қолданылмайды. Бас қаланың жаңа дизайн кодында тағы қандай өзгерістер бар? 

Дизайн-код - қаланың сәулеттік келбетін біріздендіріп, көркін арттыруға арналған құжат. Онда елордада бой көтеретін жаңа ғимараттарға қойылатын бірыңғай талаптар қамтылған. Соның бірі - кондиционерлердің сыртқы блоктарын орналастыру тәртібі. Енді құрылыс компаниялары жобалау кезеңінде қасбетте арнайы қораптардың орнын қарастырып, оны эскиздік жобада көрсетуге міндетті болады.

Данияр Шындалиев, қалалық Урбанистика орталығы директорының орынбасары:

- Қолданыстағы тұрғын үй кешендеріне жаңа талаптар қойылмайды, өйткені олардың жобалары бұрыннан келісіліп, құрылысы аяқталған. Ал жаңа жобаларда кондиционерлерге арналған қораптар бір сызықтың бойымен орналастырылады. Заманауи тұрғын үй және бизнес санатындағы ғимараттар үшін бұл шешімдер жобалау кезеңінен бастап енгізіледі. Дегенмен егер ескі ғимараттың қасбеті жаңартылатын болса, кондиционерлерді жабу мүмкіндігі қарастырылуы тиіс. Біз бизнесті шектемейміз. Керісінше, қаланың көркін келтіруге бағытталған ортақ шешімдер қабылдап отырмыз.

Бұл бастама тұрғындар арасында қолдау тапқанымен, көпшілік ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне назар аудару қажет деп санайды.

Әкімжан Исаев, қала тұрғыны:

- Маған жеке басыма ол кедергі жасамайды. Бірақ техникалық ақау болса, түсіп кетуі мүмкін. Мүмкін ол солай тұрады, бірақ оны басқаша қорғану шаралары, техникалық жабдықтау жағынан жақсарту керек шығар.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының мамандары кондиционерлерді тек білікті әрі лицензиясы бар компаниялар орнатуы тиіс дейді. Себебі талап сақталмаса, бұл құрылғылар адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.  Мәселен, осыдан жарты жыл бұрын елордада көпқабатты үйден құлаған кондиционер медицина қызметкерінің өліміне әкеп соққаны белгілі.

Талғат Тәтіков, «Мой дом» өзін-өзі басқаратын кондоминиум тұрғындары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы:

- Не үшін бұл маман керек? Оның рұқсаты болғаны дұрыс. Өйткені әркім біле бермейді, оның салмақ көтеретін қабырғалары бар ма, колонна бар ма, плита бар ма? Ол жобамен сәйкес келуі керек. Ол нақты мықты салмақ көтеретін жерге ғана орнатылуы қажет. Жай келіп қыстыра салуға мүлдем болмайды.

Сарапшылардың айтуынша, кондиционерлерге арналған арнайы қораптар ғимараттың сыртқы келбетін біріздендіріп қана қоймай, қауіпсіздікті де күшейтеді.

Ерсайын Нұрқожа, Астана қаласы Урбанистика орталығының аға урбанисі:

- Елорда эстетика жағынан жинақы, әдемі болып тұруы керек. Ол бірінші себеп. Екіншіден, кондицинер орнататын кезде көбінесе ешқандай лицензиясы жоқ жай ғана хабарландырудан тапқан шеберлерді шақырады. Кондиционерді ғана емес, оның конденсатын ағызатын құбырларды да тротуарға орнатуға болмайды. Өйткені жаздың кезінде кондиционердің конденсаты адамдардың басына тамып жатады.

Жалпы жаңа дизайн код кондиционерлермен ғана шектелмейді. Құжатқа жарнаманы орналастыру, көшелерді көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға да қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер елорданың келбетін жақсартып, қалалық ортаны тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз етуге бағытталған.

Авторлары: Дариға Ташенова, Арман Ақшабаев, Медет Қуанышбеков