Астанада 481 қан доноры марапатталады
Қазақстанда тұрақты түрде қан тапсыратын донорлардың қатары азайып келеді. Соның салдарынан қазір қан тапсырып жүрген жандарға түсетін жүктеме артып отыр.
Өткен жылы елде мың адамға 12 донор ғана тіркелген. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған межеден шамамен екі есе төмен.
Таңғы ас, содан кейін тиісті анализдерді тапсыру. Дамир Қожақовтың қан тапсырар алдында орындайтын қарапайым ережелері осындай. Бүгін ол шамамен жарты литр қанды мұқтаж жандардың қажеттілігі үшін тапсырды.
Дамир Қожақов, қан доноры:
- Мен алғаш рет қанды 2011 жылы тапсырдым. Сол сәттен бері жүйелі түрде осында келіп тұрамын. Донор болар алдында тыңғылықты дайындаламын. Себебі қан таза болу керек. Өйткені бұл ертең біреудің өмірін құтқаруға септігін тигізеді ғой. Сондықтанда бей-жай қарауға болмайды. Жауапкершілік болу керек.
Осы күнге дейін Дамир Қожақов 90 мәрте донор болған. Соңғы кездері тромбоциттерді жиі тапсырады. Бұл элемент онкологиялық аурулары бар науқастар үшін аса қажет. Негізі қан орталығына күн сайын 100-120-ға жуық адам келеді. Дені ай сайын донор болып жатады. Олардың арасында Бекназар Қазиев те бар.
Бекназар Қазиев, қан доноры:
- Қан тапсырып жатқаныма біраз уақыт болды. 10 жылдан асқан шығар. Шамамен 80 рет қан тапсырдым. Оның құрамында тромбоцит бар барлығын қосқан кезде. Ең алғаш рет студент болған кезде тапсырдым. Өйткені ол кезде группаласым жол апатына ұшыраған. Соған қан тапсыру керек болды. Сол кезде тапсырып көрдім.
Жалпы мамандардың сөзінше, ер адамдар жылына 5 рет, ал әйелдер 4 рет қан тапсырып тұрулары қажет. Бүгінде елде мың адамға 12 донор ғана тіркелген екен. Ал бұл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған межеден әлдеқайда төмен.
Алма Демеуова, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы Қоғамдық байланыс және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы:
- Бізде сұраныс әрдайым бар. Яғни медициналық ұйымдарда күрделі, ауыр операциялар кезінде, онкологиялық аурулары бар науқастар үшін қан қашанда қажет болады. Сондықтан қанға деген сұраныс күнделікті. Сол үшін халық арасында донорлықты үгіттеу керек. Донор болу мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Қазір донор болған жандар үшін мемлекет тарапынан бір күндік демалыс пен қаржылай төлем жасалады. Алайда бұл ақы тым мардымсыз. Ақша көлемі көп жылдар бойы қайта қаралмай келеді. Сарапшылардың сөзінше, халықты ынталандыру үшін басқа да тетіктерді қолданып, ұлттық бағдараламаны қолға алу қажет. Яғни, тиісті жеңілдіктер жасап, донорлардың денсаулық сақтау саласына қосқан үлесін лайықты түрде бағалау керек. Осы ретте айта кету керек, жуырда елде «Құрметті донор» төсбелгісі бекітілді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, алғашқы наградаларды 40 мәрте қан және 70 рет плазма тапсырған 481 донор иеленетін болады.
Авторлары: Риат Шони, Гүлнәр Хасан, Руслан Тәуірше