«Samruk-Kazyna Trust» Түркістан облысындағы жобаларды жалғастырады

Соңғы 10 жылда «Samruk-Kazyna Trust» қоры Түркістан облысында жалпы құны 3 млрд жеті жүз миллион теңгеге жуық болатын жиырма бір әлеуметтік жобаны жүзеге асырған. 

Денсаулық сақтау, білім беру, инклюзия, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, бұқаралық спорт пен әлеуметтік кәсіпкерлік бағыттарын қамтыған бастамалар өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған. 

Алты жасар Имона Ибадуллаева бір жылдан бері «Қамқорлық» орталығына келіп жүр. Бұған дейін анасы Имонаны ақылы ұйымдарға апарған. Ал мұнда аутизм және психикалық даму ерекшеліктері бар балалар кешенді көмекті тегін алады. 125 орынға арналған орталық «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен ашылған.

Зухра Умарова, қала тұрғыны:

- Бұрын баламды ақылы орталыққа апаратынмын. Кейін осы «Қамқорлық» орталығына әкеле бастадым. Жақсы өзгерістер байқалып жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Самұрық-Қазына» қорына алғысымды білдіремін.

Айнұр Қалдыбаева, «Қамқорлық» орталығының директоры:

- Орталығымызда жүз қызмет алушы бар. «Самұрық-Қазына» және «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорларының арқасында заманауи үлгідегі робототехника және LEGO кабинеттерімен, сондай-ақ тігін және қыш шеберханаларымен жабдықталған.

Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені – қор мен облыс әкімдігінің бірлескен жобасы. Заманауи кешенде жас спортшылар кәсіби деңгейде жаттығады.

Ерболат Асан, оқушы:

- Боксқа қатысып жатқаныма бір жыл болды. Аптасына бес рет келемін. Осындай спорт кешенінде дайындалғаныма қуанамын. Менің арманым – Бекзат Саттарханов атамыз сияқты чемпион болу.

Қордың қолдауымен Сарыжаз ауылында футбол алаңы, сондай-ақ Кентау қаласы мен Оранғай ауылында спорт кешендері де салынған.

Альфия Әдиева, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас директоры:

- Қорымыздың бастамасымен Қазақстанның мәдениет және өнер саласында бірқатар ауқымды әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келдік. Біз үш өңірде мүлдем баламасы жоқ креативті жаңа орталықтарын Ақтөбе, Орал және Солтүстік Қазақстан өңірлерінде ашқан болатынбыз.

Қор өкілдерінің айтуынша, өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар алдағы уақытта да жалғасады. 

Авторлары: Айша Көшеман, Ерболат Әбіш