Аптап ыстықта ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды
Аптап ыстықта ауыр жүк көліктерінің қозғалысына да шектеу қойылды. Батыс пен шығысты, оңтүстік пен орталықты жалғаған автожолдарда үлкен камаздар енді қалағанынша қатынай алмайды.
Рұқсат етілген мөлшерден артық жүк тиеген көліктер тұраққа жіберіледі. Арнайы мониторинг барысында ескертуді елемеген 15 жүргізушіге 2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Тексеріс Қызылорда, Ақтөбе, Алматы облыстарында жүрді.
Астана - Қарағанды бағыты. Арқа мен Алатауды жалғаған күре тамыр іспетті. Күндіз-түні мұнда тыным жоқ. Тәулігіне мыңдаған көлік ары-бері ағылады. Қозғалыс көлемінің артуына байланысты ауыр жүк көліктері де көбейген. Салдарынан жолдың сапасы да, оқыс оқиға да артатыны жасырын емес. Мамандар тап осындай жағдайдың алдын алу үшін шектеу шарасын қолға алды.
Абай Еламанов, қалалық Көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы:
- Министрліктің қағидаларына сәйкес, жаз мезгілінде ауа температурасы 25 градустан асқан жағдайда ауыр жүк қозғалысына шектеу қойылады. Шектеудің негізгі мақсаты күннің ыстығында жол жабындысын бұзылуын болдырмау. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Шектеу уақыты күздің алғашқы күніне дейін. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бәрінде талап ортақ. Бір білікке түсетін салмақ 8 тоннадан аспауы тиіс. Қазір нағыз жол сапасы сыр беретін кез дейді мамандар. Шілденің шіліңгір ыстығы автобандарды да бүлдіріп жатқан көрінеді. Сондықтан асфальт жабындысын күтіп ұстап, сапасын сақтау мақсатында салмақтық шектеулер қатаң қадағаланады.
Ербол Жаркенов, қалалық Көліктік бақылау инспекциясының бас маманы:
- Жүк көліктері қозғалысын шектеу сағат 10:00-нан сағат 22:00-ге дейін жүргізіледі. Біз келген әр көлікті мұқият қарап, тексеріп шығамыз. Қауіпсіздік жағдайы барлығы қатаң бақылауда. Мұнда мамандар тәулік бойы қызметте. Өздерінің білесіздер, бұл ең алдымен күре жолдардың сапасын сақтау мақсатында жасалып отыр. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша автоматтандырылған өлшеу станциялары жұмыс істеп тұр. Бұл жұмысты айтарлықтай жеңілдеткені рас.
Бір жарым айға жалғасатын бақылау барысында рұқсат етілген жүк салмағынан асқан жағдайда жүргізушілерге 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ескеретін бір жәйт, бұл шектеулер халықаралық тасымалдарға, жолаушылар көлігіне, дәрі-дәрмек және төтенше жағдайлардың жүктеріне қолданылмайды.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Асхат Қарақойшиев