Абай облысында мопедтердің қатысуымен 309 жол апаты болған

Абай облысында жаз басталғалы мотокөліктердің қатысуымен төрт жол-көлік оқиғасы тіркеліп, төрт адам дене жарақатын алды. 

1 шілдеден бастап мопедтерге қатысты заң талаптары күшейтілгенімен мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз және жүргізуші куәлігінсіз жолға шығатындар әлі де азаймай отыр. 

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Бүгінде мопед пен мотоцикл тізгіндеу ережелері бұрынғыдай емес. Жүргізуші куәлігі болуы міндет. Сонымен қатар көлік тіркеуден өтіп, мемлекеттік нөмірмен қамтамасыз етілуі керек.

Елхан Оразовтың мотокөлік тізгіндеп жүргеніне бір жылға жуықтаған. Мопедтерге қатысты заң талаптары күшіне енгеннен кейін жүргізуші куәлігін алып, көлігін мемлекеттік тіркеуден өткізген. 

Елхан Оразов, қала тұрғыны:

- Білмеймін, TikTok-тан жастардың арасында мопед міну кең таралып кеткенін көрдім. Өзім де қызығып кетіп, алғым келді. Бір жағынан, достарымнан көріп қызықтым. Өзім жүргізуші куәлігін алу үшін автоцонда емтихан тапсырып, біраз қиындықпен алғанмын.

Қазір тәртіп сақшылары мопед тізгіндегендерді тоқтатып тексеріп жатыр. Осы айда мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз мопед басқарған 121 жүргізуші анықталды. Тиісті куәліксіз жүрген 280 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Заңбұзушылық қайталанған жағдайда материалдар сотқа жолданады.

Ернат Тілеуғазин, ПД процессингтік орталығының мемлекеттік автоинспекторы:

-  Жол қозғалысы қағидаларының сақталуына бақылау күшейтіліп, рейдтік және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар тұрғындар арасында жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.

Полиция қызметкерлері мұндай бақылау шараларының басты мақсаты жазалау емес, жолдағы қауіпсіздікті арттыру екенін атап өтеді. Алдағы уақытта да заң талаптарын сақтауға бағытталған жұмыстар жалғасын табады.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков