Әуе қорғанысы күштерінде бір ауылдың 13 азаматы білім алуда

Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтында бір ауылдың 13 тұрғыны қатар жүріп Отан алдындағы борышын өтеп жатыр. Маңғыстау облысы Қызылтөбе ауылынан әскерге бірге аттанған жастар бүгінде әскери авиацияның сирек кездесетін әрі сұранысқа ие арнайы техникаларын меңгеруде, деп хабарлайды «24KZ»

Бір көшеде өсіп, бір мектепті бітірген жігіттердің әскерге де бірге баруы – шағын ауыл үшін ерекше мақтаныш. Сарбаздардың арасында ағайынды Нұрдәулет пен Ердәулет Мұхаммединдер де бар. Қалған жерлестері – Тоқтар, Талас, Нұртас, Жасұлан Наурызбай, Азамат, Арман, Айдос, Нұрмұхаммед, Ербол, Жасұлан Қалабай және Дәурен. Мерзімді әскери қызметті бірге өту – олардың саналы түрде қабылдаған ортақ шешімі.

 

Қазіргі таңда жас сарбаздар Кіші авиациялық мамандар даярлау орталығында күрделі әскери-техникалық бағыттар бойынша білім алуда. Олар:

Аэродромдық жылжымалы агрегаттарды;

Автомобильдік оттегі құю станцияларын;

Аэродромдық құрамдастырылған дала машиналарын;

Арнайы жанармай құю техникасын меңгеріп, оларға кәсіби қызмет көрсетуді үйреніп жатыр.

Бұл техникалар әскери ұшақтар мен тікұшақтардың үздіксіз әрі қауіпсіз ұшуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Біз бір ауылда өстік, бір-бірімізді бала күннен жақсы танимыз. Соның арқасында әскерде өзімізді біртұтас ұжым ретінде сезінеміз. Сабақта да, жаттығуда да бір-бірімізге демеу боламыз. Бұл біз үшін – туған ауылымыз бен еліміздің алдындағы үлкен мәртебе әрі жауапкершілік, – дейді қатардағы жауынгер Арман Оразбеков.