Күдікті жолаушы: Алматы метросында сөмкеден пышақ пен кісен табылды
Алматы метросында жолаушының сөмкесінен пышақ пен кісен табылды. Күмәнді заттар тексеру кезінде анықталды, деп хабарлайды «24KZ».
«Райымбек» станциясында полиция қызметкерлері мен көліктегі қауіпсіздік қызметінің мамандары бірлесіп тексеру жүргізген.
Рентген-телевизиялық қондырғының көмегімен жолаушылардың бірінің сөмкесінен пышақ пен арнайы құрал – кісен анықталды. Ер адам ұсталып, одан әрі мән-жайды анықтау үшін Жетісу аудандық полиция басқармасының қызметкерлеріне тапсырылды, - деп хабарлады Алматы қаласының Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, ұсталған азаматтың әрекетіне құқықтық баға берілетінін жеткізді.
Құқық қорғаушылар метрополитендегі жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолжүкті міндетті түрде тексеру жүргізілетінін және қауіпті болуы мүмкін бірқатар заттарды алып жүруге тыйым
салынғанын еске салады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз