«KEGOC» АҚ шығыстағы электр желілерді жаңартып жатыр

«KEGOC» жүйелік операторы еліміздің электр желісін алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындау бойынша ауқымды жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр.

Республика көлемінде 589 энергетикалық нысанды жөндеу жоспарланған. Қазан айына дейін барлық жөндеу іс-шаралары аяқталады. Бұның бәрі тұтынушыларды сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Шығыс Қазақстандағы бұл жоғары кернеулі электр желілерінің стратегиялық маңызы да жоғары. Бұқтырма су электр станциясында өндірілген электр қуаты дәл осы желі арқылы тұтынушыларға жол тартады. Сондықтан желінің техникалық жағдайы үнемі мамандар назарында.

Ерлан Ысқақов, "KEGOC" АҚ Шығыс жүйеаралық электр тораптары филиалының бас инженері:

- 2026 жылғы жоспар бойынша жөндеу жұмыстары бізде 41 нысанда жасалады, жоспарланған. Соның бүгінгі таңда істелгені 31 нысан, пайыз бойынша есептейтін болсақ жұмыстың 76 пайызы бүгінге орындалып жатыр.

“KEGOC” компаниясының Шығыс Жүйеаралық электр тораптары филиалы қарамағанда 500кВ үш қосалқы станция, 220 кВ төрт қосалқы станция және жалпы ұзындығы 1974 шақырым электр желісі бар. Жөндеу жұмыстары еңбек және техникалық қауіпсіздік талаптарына сай жүруде. Энергетиктер қазан айына дейін жөндеуді толық аяқтап, 2026-2027 күзгі-қысқы маусымға дайындық паспортын алуды жоспарлап отыр.

Ғафур Қожасейітов, электромонтёр:

- 202-линияда жұмыс атқарылып жатыр. 138-опорда. Сынған изоляторды ауыстыру жүргізіліп жатыр. Осы жұмысымызды ең бірінші қауіпсіздіктен бастап, жұмыс орнын дайындаудан басталады.

“KEGOC” компаниясы қарамағында 28 мыңнан астам шақырым электр желісі, 83 қосалқы станция бар. Мұндай жұмыстар Ұлттық электр торабының күзгі-қысқы кезеңдегі сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін алдын ала жүргізіледі.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин