СҚО-да аурухана ғимараты сатылмай тұр
Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған туберкулез диспансері бес жылдан бері бос тұр.
Нысан құрылысына 1 млрд 300 млн теңге қазына қаржысы жұмсалған. Алайда, қазір емдеу мекемесінде бірде-бір науқас жоқ. Жұқпалы дерттің күрт төмендеуі салдарынан диспансер қажет болмай қалған. Енді жергілікті билік оны бірнеше есе арзан бағаға сатуы мүмкін. Дегенмен бес мәрте саудаға шығарылса да сатып алушы табылмай тұр.
Мұнда кезінде емдеу мекемесі болғанын тек ескі рентген аппараты ғана еске салады. Ауданы 3 мың шаршы метр болатын қос қабатты ғимараттың қаңырап бос тұрғанына 5 жыл болды. 90 науқасқа шақталған диспансерде 100 ден астам дәрігер мен кіші медицина мамандары қызмет атқарған. Облысқа қарасты Мүсірепов, Тимирязев және Шал ақын ауданына қатар қызмет еткен. Қыруар қаржыға салынған ғимарат 12 жыл жұмыс істеді. Уақыт өте түбіркүлезге шалдығушылар саны күрт азайған соң ғимаратты ұстап тұру да қиындады. 2020 жылы ковидқа шалдыққа науқастарға көмек көрсететін орталық ретінде қайта жасақталды. Бір жарым жылдың ішінде мұнда 4 мыңнан астам адам емделген. Пандемия аяқталған соң толықтай жұмысын тоқтатты.
Виталий Авраменко, аудандық аурухана директоры:
- Қазір тек осы аумақты күзетіп қана отырмыз. Оған жылына шамамен 5,5 млн теңге кетеді. Қанша мәрте сатуға қойлғанымен нәтиже жоқ. Себебі ғимаратты сатып алған тарап оның қызмет көрсету бағытын өзгертпеу керек. Яғни не пансионат не болмаса аурухана болып қалуы тиіс.
Диспансер 6 гектар аумақты алып жатыр. мұнда негізгі ғимараттан бөлек асхана, кір жуатын бөлме, жылу қазандығы және өзге де шаруашылық нысандары бар. Тәуелсіз сарапшылар осыдан төрт жыл бұрын кешеннің нарықтық құнын 1 млрд теңге деп бағалаған. Осыған дейін ғимарат 5 мәрте саудаға шығарылды. Бағасы әр кезең сайын төмендеп келеді. Соңғысында 157 млн теңгеге бағаланды. Дегенмен әлі күнге сатып алғысы келетін кәсіпкер табылмады. Бүгінде Ғабит Мүсірепов ауданында туберкулез диагнозы қойылған екі науқас облыс орталығында стационарлық ем алады. Тағы он екі адамға амбулаториялық көмек көрсетіледі.
Гүлнара Сайлау, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
- Жыл сайын төмендеу көрсеткіштері бар. Мәселен, 2016 жылы 714 адам есепте тұрса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 230 адам есепте тұр. Жағдайдың жасқаруына байланысты 2022 жылы Ғабит Мүсірепов ауданындағы түберкулез диспансері жабылып, сатылымға шығарылған болатын. Негізгі шарттарының бірі – ол ғимарат сақталуы керек және ол денсаулық сақтау саласына санаторлық-курорттық жағдайда немесе жатақхана немесе қонақ үй ретінде сатып алуға болады.
Өңірде туберкулезбен ауыратын барлық науқас Петропавлдағы облыстық фтизиопульмонология орталығында емделеді. Ол 120 орынға арналған. Ал құны миллиард теңгеден асатын, алайда қазір бос тұрған кешеннің тағдыры әлі де белгісіз.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков