Маңғыстаудың киелі жерлері ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы болып ресми түрде танылды
Маңғыстаудың жартасты мешіттері Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан Үпі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енді.
Мұндай шешім бүгін Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтіп жатқан Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-ші сессиясында қабылданды. 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда Маңғыстау мұрасын бүкіл әлемге танытуға шақырған болатын міне, бүгін бұл тапсырма орындалды.
Маңғыстаудың жартасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу мәселесін талқылау ұзаққа созылды. Көптеген елдер Қазақстанның бұл ұсынысына қолдау білдіруге асықты. Оның басым көпшілік дауыспен мақұлданғанын отырыс төрағасы жариялады.
Ерлан Қарин, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:
- Бұл – еліміз үшін үлкен оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда көтерген бастамасы орындалды. Іс жүзіне асты, 22 жылда Қазақстанның ұлттық номинациясы ЮНЕСКО мұралар тізіміне енгізілді. Бұл біздің ұлттық мұрамыздың, ұлттық мәдени, тарихи мұрамыздың кеңірек насихатталуына жол ашады және де еліміздегі отандық туризмнің дамуына тағы бір серпіліс береді деген үміттеміз. Сондықтан тағы да барша қазақстандықтарды осы маңызды шешіммен құттықтаймын.
Мұндай деңгейдегі өтінімдер көпжылдық ғылыми зерттеулерді, терең тарихи негіздемені және ең қатаң халықаралық талаптарға сай болуды талап етеді. Әлемдік тәжірибеде осындай бір досьені сапалы дайындау екі жылдан бес жылға дейін уақыт алады. Алайда Мемлекет басшысының тапсырмасы жедел түрде орындалды. Маңғыстаудың сакралды орындарын бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу бағытында ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, ғалымдар, Қазақстанның Сыртқы істер және Мәдениет министрліктерінің сарапшылары жұмыс істеді. Бұл жұмыс бүгін де жалғасын тапты – отырыстың барлық қатысушыларына Маңғыстаудың жартасты мешіттері туралы ағылшын тілінде ақпарат таратылды, ал фойеде қазақстандық музыканттар ЮНЕСКО мүшелерін қазақтың халық музыкасымен таныстырды.
Асқар Әбдірахманов, ҚР ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі:
- Бүгінгі шешім халықаралық қауымдастық жағынан ЮНЕСКО құралы арқылы Маңғыстаудың киелі орындарының бүкіл адамзатқа ерекше маңызы бар екенін және ол Қазақстан тарапынан, бүкіл әлем тарапынан қастерленуі тиіс екенінің дәлелі болып табылады.
Жанар Шайменова, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның бас хатшысы:
- Біздің Сыртқы істер министрлігінің дипломаттарының осы номинацияға үлесі зор. Ең біріншіден, ол Париж қаласында ЮНЕСКО штаб-пәтері орналасқан жерде біздің тұрақты өкілдік үлкен жұмысты атқарды. Барлық комитеттің мүшелерімен келіссөздер де өткізіп, Қазақстан 1992 жылы ЮНЕСКО-ға мүше болды. Бүгінде еліміз - осы халықаралық ұйымның беделді мүшесі.
Владислав Цой, тілші:
- Қазақстан делегациясының отырыста алдыңғы орындарға ие болуы кездейсоқ емес. Біздің ел 2023 жылдың қараша айында бар болғаны 21 мемлекет қана кіретін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің элиталық құрамына 4 жылға сайланды. Бұл республикамызға әлемдік ескерткіштерді қорғауға және халықаралық міндеттемелердің орындалуын қадағалауға қатысуға мүмкіндік береді. Еліміздің дауысы бұрынғыдан да салмақты естіліп отыр, ал Маңғыстаудың қасиетті нысандарының ЮНЕСКО-ның құрметті тізіміне енгізілуі Қазақстанның әлемдік өркениетке қосқан үлесінің тікелей мойындалуы болды.
Қазақстан өздерінің бірегей нысандарын ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу жұмыстарын жалғастыра береді. Келесі үміткерлер де Маңғыстау облысының аумағында орналасқан.
Дмитрий Воякин, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі:
- Қазіргі уақытта Қазақстан Үстіртті және Үстірттегі аран қақпандарын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу үшін номинациялық құжаттама дайындап жатыр. Бұл посткеңестік кеңістіктегі алғашқы аралас номинация болуы мүмкін. Аралас номинация дегеніміз – бір номинация аясында мәдени мұра мен табиғи мұра элементтері қатар қамтылып, олар бірыңғай номинациялық кешен ретінде ұсынылады. Яғни, бұл – мәдени және табиғи құндылықтарды бірдей біріктіретін номинация.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян