Реновация: жаңа тұрғын үй кешені салынды
Елорданың Байқоңыр ауданында «Дәрмен-1» тұрғын үй кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл реновация мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке инвестиция есебінен жүзеге асқан алғашқы жоба саналады.
«Дәрмен-1» құрылыс жобасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реновация бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй қорын жаңғыртуға жеке инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау барысында жүзеге асқан алғашқы нысан. Іс-шараға Байқоңыр ауданының әкімі, мемлекеттік органдардың өкілдері, құрылыс компаниясының басшылығы, жаңа тұрғын үй кешенінің тұрғындары мен серіктестер қатысты.
Аслан Өмірбеков, қала тұрғыны:
- Бүгін бізде өте қуанышты күн. 1 жылдан аз уақыт күттік. BI групп құрылыс компаниясына рахмет. Айтқан мерзімінен үйімізді ерте беріп жатыр. Пәтеріміздің ішін көрдік, бәрі ойдағыдай.
Тұрғын үй кешенінің құрылысы былтыр қаңтарда басталып, 17 айдың ішінде толық аяқталды. Байқоңыр ауданын жеке инвестициялар есебінен реновациялау бағдарламасын іске асыру аясында бүгінгі таңда инвесторларға жалпы ауданы 38,61 гектарды құрайтын 25 жер учаскесі бөлінді. Бүгінде жалпы сомасы 5,7 млрд теңгеге тең 103 жылжымайтын мүлік сатып алынды. Жер учаскелерінің жалпы ауданы шамамен 3,6 гектарды құрайды. Сондай-ақ 51 тұрғын үй сүрілді. 2026 жылдың соңына дейін реновациялау бағдарламасын іске асыру шеңберінде тағы 40 жылжымайтын мүлік нысанын сатып алу жоспарланып отыр.
Талғат Рахманберді, Байқоңыр ауданының әкімі:
- Осы жерде бұрын ескі ғимараттар болған. Ол әрине, біріншіден инфрақұрылымдық қолайсыздық туғызды. Екінші жағынан айналадағы көршілерге де қолайсыз болды. Мұнда көмірмен, ағашпен жылытатын үйлер болған. Қазір заманауи зәулім керемет үйлер пайда болып жатыр.
Тұрғындардың айтуынша, көпқабатты жаңа үй кешені қолайлы жерде орналасқан. Заманауи талаптарға сай абаттандырылған. Еске салайық, елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Үкімет пен Астана әкімдігіне тозығы жеткен және апатты үйлерді сүріп, реновация аймақтарын жаңғырту жұмысына жеке құрылыс компанияларын тартуды тапсырған болатын.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мадияр Әскербек