Қазақстанда еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы іске қосылды

Енді жұмыс берушілер өз кәсіпорнындағы қауіп-қатер деңгейін онлайн тексере алады. Елде еңбек дауларын ерте анықтап, алдын алуға арналған «Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы» іске қосылды. 

Бұл модуль Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы аясында әзірленген. Ол мемлекеттік ақпараттық жүйелердің негізінде жұмыс істейді. Жүйе 23 негізгі көрсеткіш бойынша өндірістің еңбек және қаржылық тәуекелдерін бағалайды. Олардың қатарында жалақының уақытылы төленуі, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық төлемдердің дер кезінде аударылуы, МӘМС шартының болуы мен өндірістік жарақаттану деңгейі ескеріледі. 

Бағлан Ғазизов, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департамент директорының орынбасары:

- Жұмыс беруші HR-Еңбек порталында өз кәсіпорнындағы тәуекелдер туралы ақпаратты біле алады. Ол үшін жеке кабинетке кіріп, «Еңбекті қорғау» модуліне өту қажет. Кәсіпорын паспортында барлық тәуекелдер біріктірілген, әрқайсысы бойынша қауіп деңгейін анықтауға болады. Жұмыс беруші тәуекелдерді бақылау арқылы еңбек дауларының алдын ала алады.