Атырау облысында екі теміржол вокзалы жаңартылды

Атырау облысындағы Мақат пен Доссор кенттерінің теміржол вокзалдары толық жаңғыртылып, пайдалануға берілді.

Жаңарту жұмыстары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен облыс әкімдігінің бірлескен жобасы аясында жүзеге асты. Заманауи талапқа сай қайта салынған нысандарда жолаушыларға барлық қолайлы жағдай жасалған.

Мақат және Доссор кенттеріндегі теміржол вокзалдары бастан аяқ жөнделіп, қайта ашылды. Аудан орталығындағы вокзал осыдан 60 жыл бұрын салынған. Соңғы рет 2004 жылы күрделі жөндеуден өткен ғимарат былтыр қайта жаңғыртуға жабылған еді. Құрылыс кезінде  нысанның шатыры мен қасбеті түгел жөнделді. Бүгінде 81 адамға арналған нысанда мүмкіндігі шектеулі жандарға және ана мен балаға арналған арнайы бөлмелер, касса, көлік полициясы және басқа да қажетті қызмет көрсету орындары бар. Бұл станция арқылы тәулігіне 13 жұп жолаушылар пойызы қатынайды.

Азамат Мәмбетов, Мақат ауданының әкімі:

- Ел экономикасының күретамыры теміржол болса, ал вокзалдар соның жүрегі, осы еліміздің ауданымыздың қақапасы деп айтсам қателеспеймін. Бұл Мемлекет басшысы былтырдан бастап тапсырма беріп, республика бойынша 100 вокзалды қайта жаңғырту басталған болатын соның 9 вокзалы біздің Атырау облысына тиесілі болатын болса, екеуі ауданымызға тізімге еніп толығымен жаңартылып шықты. 

Ал Доссор кентіндегі 1966 жылы салынған теміржол вокзалы толықтай бұзылып, қайта салынды. Аумағы ұлғайтылып, заманауи қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталды. Жаңа вокзалға тұрғындар дән риза. Нысан жолаушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, кенттің келбетіне де көрік қосты.

Жақсылық Алтыбаев, Доссор кентінің тұрғыны:

- Оның орыны сүріліп жаңадан салынды, заманауи, үлкен қарап шықтық бәрі де халық үшін қызмет көрсететен орын болып шығып жатыр. Бұл енді Доссор халқы үшін үлкен мақтаныш. Бұл жерден көптеген пойыздар әрлі-бері жүріп жатады. Доссор көркейіп жатыр, экономикасы өсіп жатыр.

2025 жылдың қыркүйек айынан бастап Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» ҰК мен Атырау облысы әкімдігі өңірдегі 9 теміржол вокзалын кезең-кезеңімен жаңғыртып жатыр. Бүгінде олардың бесеуі пайдалануға берілді. Жаңартылған вокзалдар жолаушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ауданның көлік инфрақұрылымын дамытуға да серпін бермек.