«Тама-Тастанбек» топтық су құбыры іске қосылды
Түркістан облысында Шардараны сапалы ауызсуымен қамтитын «Тама-Тастанбек» топтық су құбыры іске қосылды.
Жерасты су қоры қаланы және 18 елді мекенді сумен қамтуға жетеді. Мемлекет қолдауымен жүзеге асқан ауқымды жобаға 21 млрд теңге жұмсалды. Осылайша, Шардараның 31 мыңнан астам халқы сапалы ауыз сумен қамтылды. Тұрғындар бұрын тіршілік нәрін «Шардара» су қоймасынан ғана алатын еді. Нысанның ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысып, өңір тұрғындарын тарихи сәтпен құттықтады.
«Тама-Тастанбек» жерасты артизан құдығына 14 ұңғыма қазылды. Торапқа дейін 40 шақырымдық магистралды құбыр тартылды. Су торабына сағатына 24 мың текше метр су жиналады. Шардара қаласының тұтыну көрсеткіші 12 мың текше метр. Жалпы су қоры ауылдың 50 мыңнан астам халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге жетеді.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Жоба Үкіметтің қолдауымен 2 жыл ішінде іске асырылды. Бюджеттен барлығы 21 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 31 мыңнан астам тұрғын сапалы ауызсуға қол жеткізетін болады. Бұл халықтың тұрмысын жақсартып, өңірдің дамуына оң әсерін тигізеді. Таза су халықтың игілігіне қызмет ете берсін. Шардара топтық су құбырын салтанатты түрде іске қосу рәсімін ашық деп жариялаймын.
Қала халқы 1983 жылдан бері ауыз суды ашық аспан астындағы су айдынынан алып келді. Алайда бұл мәселені толық шеше алмады. Ал былтырғы қуаңшылық жағдайды тіпті қиындатып жіберді. «Үкіметтің тікелей қолдауымен жүзеге асқан жоба аясындағы жаңадан қазылған «Тама-Тастанбек» құдық суының құрамы санитариялық талаптарға толық сай», - дейді мамандар.
Светлана Аденова, Ұлттық сараптама орталығы шардара аудандық филиалының басшысы
– «Тама-Тастанбектегі» судың көрсеткіші бұрынғы деңгейдің сегізден біріне дейін төмендеді. Яғни он есе төмен түсіп, сапасы жақсы болды. Сульфаттар мен хлоридтер де барлығы төмен түсіп, қазіргі талапқа сай деңгейге жетті. Біздің Шардара ауданына жақсы су келгеніне қуанып жатырмыз.
Шардарада 5 мыңнан астам абонент бар. Төрт бірдей су жинау резервуары мен құбыр жүйелері жаңғыртудан өтіп жатыр. Қалаға таза су кезең-кезеңімен берілетін болады. Көп жылдан бері кермек судың дәмін татқан тұрғындар таза ауызсуға қол жеткізгеніне қуанды.
Сламбек Мергенбаев, Шардара қаласының тұрғыны:
– Мынау суды тазалайтын аппараттар қойып, баклашкамен су тасыған кездеріміз болды. Таза су келуіне байланысты енді сол баклашкалардан құтыламыз-ау деген ойым бар. Сондықтан аудан басшылығына және осы іске атсалысқан азаматтардың барлығына алғысымызды айтамыз.
Жобаның бірінші кезеңінде топтық су құбырымен, оған қажетті қосалқы құрылыстардың барлығы аяқталып, электр энергиясы тартылды. Екінші кезеңде қаланың ішкі су жүйелері реттеледі. Үшінші кезеңде Шардара ауданына қарасты 18 елді мекенге «Тама-Тастанбек» құдығынан жерасты суы беріледі.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш