Түркістан облысынан құнды қазба анықталды

Археологтар ежелгі Отырар қаласының орнында қазба жұмыстарын жүргізіп, Алтын Орда дәуіріне жататын мешіттің орнын анықтады.

3,5 метр тереңдікте ғибадат орнына апаратын күйдірілген кірпіш пен тас төселген тұтас көше табылды. Тарихшылар ел аумағында мұндай ортағасырлық көше мен тас баспалдақтар бұрын-соңды кездеспегенін айтады.

Археолог-ғалым Мұхтар Қожа бастаған топ Отырар аумағында қазба жұмыстарын былтыр бастаған. Нәтижесінде 8-ғасырға жататын үй ішіндегі михрабты тапты. Оның расында сол дәуірге жататынын табылған ағаш күлінің көмегімен Түркиядағы зертхана анықтап берген. Бұл ислам діні қазақ даласында 8-ғасырда болғанын білдіреді, дейді ғалым.

Мұхтар Қожа, тарихшы-археолог:

- Алғашқы кезде мұсылмандық дінде мешіт болмаған. Адамдар сыйыну керек, мінәжат етіп, намаз оқу керек. Сондай үйлерінің ішінде михрабтар болған екен. Әрине осы енді бір бөлігі ғана ашылды мешіттің. Бұл мешітті толық ашсақ, ол да бір керемет болар еді. Және тас көше. Ол тас көше қай жаққа барады? Тас алаң ба, айналасында базар бола ма, басқа ма? Жалпы Отырарға қатысты бір мешіттері базардың ішінде болған екен деген бір ақпарат бар.

Ғалымдардың айтуынша, Алтын Орда дәуірінде қала мәдениеті қарыштап дамыған. Ал мынадай жаяу жүргіншілерге арналған тас төсеніш пен баспалдақтар бұрын-соңды еш жерден кездеспеген. Қазба жұмыстары 100 шаршы метр аумақта жүргізіліп, қала орнының 5 бірдей тарихи қабаты ашылды.

Бақдәулет Сыздықов, археолог, ғылыми қызметкер:

- Археологиялық қазба жұмыстары реперлік нүктеден 3,5 метр тереңдікке дейін жалғасын тапты. Үшінші құрылыс қабатынан бірнеше тұрғын үйлердің бөлмелері анықталып, ол жерде міне көріп отырғандарыңыздай, әлі де стратиграфиялық кесіндімізден құмыраларды, яғни артефактілерді, жәдігерлерді көруге болады. Ал төртінші құрылыс қабатында бұл жерде үлкен бір алғаш рет Отырар қаласында кездесіп отырған дахма түріндегі жерлеу орыны анықталды.

Археологтар қазба жұмыстары кезінде 50-ге жуық адамның сүйегін тапқан. Мешіт қасиетті орын болғандықтан сол маңға жерленген болуы мүмкін. Отандық ғалымдар бұл жаңалықты Кембридж университетінде әлемдік деңгейде таныстырмақ ниетте.

Әли Әлімбекұлы, ҚР Ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері:

- Осы биылғы біздің зерттеулеріміздің нәтижесі, оларға да қызық болып тұр. Ұлыбритания ғалымдары, Алтын Орданы зерттейтін мамандарға да қызық болып тұр. Сол себепті осы қыркүйек айының 28-29 күндері Кембридж қаласында конференция болып өткізілейін деп жатыр. Сол конференцияға осы биылғы қазба жұмыстарының нәтижелерін, жаңағы цифрландыру, ғылыми жағын, артефактілердің бәрін, сол жақта барып презентация жасап, таныстыратын боламыз.

Археологтар тапқан сүйектер антропологиялық сараптамадан кейін қайта жерленеді. Ал 3,5 метр тереңдіктен табылған бірегей мешіт пен тас көше музейге айналса, Отырар әлемдік туризмнің басты орталығына айналады, дейді мамандар. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш