Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко елді мекенінде дәрігер тапшылығы жоқ

Мәселені шешуге «Дипломмен - ауылға» мемлекеттік бағдарламасы сеп болған. Ауылға келген 11 дәрігер халыққа кәсіби медициналық қызмет көрсетіп келеді. Жас мамандар баспанамен және бір реттік көтерме ақымен қамтылған.

Ерназар Құлымбетов - Қарағанды медицина университетінің түлегі. Форт-Шевченкоға шақыртумен келген. Қазір ол терапевт-дәрігер ретінде науқастарға қызмет көрсетеді. Айтуынша, ауылда жас маманға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. 

Ерназар Құлымбетов, терапевт-дәрігер:

- Әкімшілік жағынан шақырту болды. Соның есебімен келдік. Шүкір, халық жақсы. Үй берілді, көмек ретінде және көтерме қаржылар берілді. Қолдан келгенше барлық көмектерін беріп тұр. Кедергі жоқ, аппараттың барлығы бар.

Жангелді Шәлкенов, ауыл тұрғыны:

- Бір жағыма инсульт соққан. Жағдайым жақсы қазір, осы емді алғалы. Жағдайымызды қарап, күні-түні жасап жатыр барлығын да. Қалаға бармай-ақ осы жерден еміміз жүріп жатыр.

Ауыл халқы бұған дейін ем іздеп Ақтауға баратын еді. Құлақ-мұрын, көз ақауын анықтайтын медициналық құралдар келгелі бері жергілікті дәрігерлерге қаралып жүр. Ауруханада жүкті әйелдерді тексеруге ультрадыбыстық зерттеу аппараты мен компьютерлік томограф та бар.

Нұрзия Төлеуғалиева, Түпқараған аудандық ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Облысқа жібермей-ақ аудан халқына өзіміз қызмет етіп жатырмыз және де соңғы екі жылда бізге 11 дәрігер келді. Оның ішінде инфекционист, анестезиолог-реаниматолог бар. Емдеуші хирургымыз бар. Операциялардың барлығы да өзімізді жасалып жатыр.

Шалғай өңір - Маңғыстауда бес аудан, екі қала бар. Елді мекендердің басым бөлігінде дәрігер тапшы. Облыс орталығы Ақтаудың өзінде жүзден астам медицина қызметкері жетіспейді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Маңғыстау облысына 234 дәрігер керек. Қазір Ақтауда 137 медицина қызметкерінің орны бос тұр. Ал ауылдық елді мекендерде 97 дәрігерге сұраныс бар. Мәселені шешу мақсатында аймақ әкімдігі 2026-2027 оқу жылына резидентура бойынша 33 білім грантын бөлді. Гранттар нейрохирургия, онкология тағы басқа медицналық мамандықтар бойынша ұсынылады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев