Тұзды көлдің шипасы мен қауіп-қатері

Павлодар облысында қырықтан астам тұзды көл бар. Оның тек екеуі ғана туристік нысан ретінде тіркеліп, демалушыларға қызмет көрсетеді. 

Аптапта жұрт салқындап, сергу үшін өзен-суға ағылса, денсаулыққа шипа іздегендер тұзды көлдерді жағалайды. Алайда мұндай демалыстың пайдасымен қатар қауіп-қатері де жеткілікті. Биыл тұзды көлдерге түсіп, көз жұмғандар бар.

Маралды көлінде фельдшерлік қосын жұмыс істейді. Демалыс күндері жедел жәрдем көлігі тұрады. Сонымен қатар арнайы даярланған құтқарушылар қызмет көрсетеді. Далила Шәріпова шетелден келген туысын қыдыртып жүр. Денсаулығына алаңдағаны болмаса, демалыс жақсы болып жатқанын айтады.

Далила Шәріпова, Железин ауданының тұрғыны:

- Сіңлім Германиядан қонаққа келді. Екі рет, үш рет келіп отырмыз осы Маралдыға. Өте ұнайды, өте жақсы, сазды батпақты да жақтық денемізге. Көлге түстік, жақсы, өте керемет.

Биылғы жаз аптап ыстығымен есте қалды. Ауа температурасы ұзақ уақыт бойы 30-35 градустан төмендемеді. Солтүстік өңір үшін сирек кездесетін мұндай ыстық Маралды көліне келушілер санын арттырды. Жұмыс күндері мұнда шамамен 400 адам келсе, демалыс күндері келушілер саны екі мыңнан асады. Алайда Маралды көлінде болған адам өлімі қоғамның алаңдаушылығын туғызды.

Гүлмира Отарғалиева, «Байжырық» ЖШС директоры:

- Жаз мезгілінде төрт қайғылы жағдай тіркелді. Нақтылай кетейін, бұл оқиғалар суға батудан болған жоқ. Олар жазатайым оқиға ретінде тіркелді. Себебі марқұмдардың денсаулығында гипертония, жүрек-қан тамырлары аурулары немесе тромбоэмболия секілді сырқаттар болған.

Маралдыға  еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін келеді. Демалушыларға суда 15 минуттан артық болмау керектігі ауызша ескертіледі. Көл жағасында шомылу ережелері жазылған ақпараттық тақтайшалар жоқ. Оның үстіне, көпшілік мұндай ескертулерге мән бермейді.

Тұзды көлге келушілердің көбі оның суы мен батпағын емдік мақсатта пайдаланады. Бірақ оның емдік қасиеті барлық ауруларға бірдей дәлелденбеген. Сондықтан тұзды көлде демалуды медициналық емнің баламасы деп қарастыруға болмайды дейді мамандар.

Ақбота Мүшелхан, фельдшер:

- Көбінесе қан қысымы көтеріледі, себебі бізде тұз ғой, тұз адамның қан қысымын тез көтереді. Сол себепті қан қысымы, бас аурулары, күннің көзі өтуі жиі болады. Кімде қан қысымы жоғары болса, олар 10-15 минуттан  ғана шомылуын өтінеміз бәріне солай айтамыз.

Павлодар облысында қырықтан астам тұзды көл бар. Оның ішінде Маралды мен Тұзқала ғана туристік нысан ретінде тіркелген. Алайда жабайы жағалауларда демалатындар да көп. Маралды көлінде төрт адамның көз жұмғанын ескерсек, тұзды көлдердің пайдасымен бірге қауіп-қатері де барын естен шығармаған жөн дейді мамандар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков