Биыл елде 11 студенттік жатақхана салынады
Студенттер үшін қарбалас кезең де таяп қалды. Енді бірер күннен кейін ауыл жастары қалаға ағыла бастайды. Дәл осы кезде пәтер ақысы қымбаттап, студенттерді баспанамен қамту өзекі мәселеге айналады.
Мемлекет студенттерді жатақханамен қамту үшін жаңа нысандар құрылысын қаржыландырып, кәсіпкерлер мен жоғары оқу орындарына субсидия төлейді. Биыл елде 11 студенттік жатақхана пайдалануға беріледі. Жаңа нысандар Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Атырау және Қарағанды облыстарында бой көтереді. Жыл басындағы дерек бойынша, Алматыда 5 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж болған. Колледж білім алушылары үшін 2 мыңнан астам төсек-орын жетіспеген. Қазір Астана мен Алматыда колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 200-ден астам жатақхана жұмыс істейді. Кейінгі жеті жылда елде 72 мыңнан астам орынға шақталған 281 жатақхана салынды.