Павлодарда мың жылдан астам тарихы бар көне көш  көлігі табылды

Павлодар облысындағы Байдала қорғаны тарихи-археологиялық кластерге айналуы мүмкін. Бұл жерден мың жылдан астам тарихы бар көне көш  көлігі табылды.

Бірнеше жыл бойы жүргізілген зерттеу оның жай ғана көлік құралы болмағанын көрсетті. 

Мамандар жәдігердің құрылымынан көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты маңызды белгілерді анықтаған. Ол қандай белгі? Қимақ қағанаты дәуіріне тиесілі бұл бірегей көне көлік қандай құпияны сақтап жатыр?

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Байдала археологиялық кешені осы жерде орналасқан. Археологтар бұл қорымнан Қимақ қағанатына тиесілі дәуірдегі көшпенділердің жылжымалы баспанасының орнын тапқан болатын. Алдын ала деректер бойынша оның жасы мың жылдан асады. Археологтар бұл жәдігер сол кездегі өркениетті зерттеуге мол мүмкіндік беретінін айтады.

Сабан кірпіштен тұрғызылған сәулет нысанының орны сақталған қорғанды зерттеу барысында археологтар алдымен Қимақ дәуіріне тиесілі арбаны тапты. Сол жерде жерленген екі адамның сүйегіне де кезікті. Кейінгі зерттеулер оның жай ғана көлік құралы емес, көшпелі халықтың баспанасы ретінде қолданылғанын көрсеткен

Талғат Айлыбаев, Ә.Марғұлан ат. Археологиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері:

- Басында иә қазба жұмыстары барысында біз оны блокпен алып кеткен болатынбыз. Кейінірек зерттеу жұмыстары кезінде жаңағыны тазалап, ағаштарының барлығын шығарған кезде жаңағы детальдардың барлығы шықты, дөңгелегі бар екені, керегесі бар екені қалдықтары бәрі болғандықтан, соның бәрін жинастырып, сондай мәмілеге келдік.

Байдаладан табылған көне арба қазір Алматыда реставрациядан өтіп жатыр. Ал  өзге жәдігерлер заманауи технологиялардың көмегімен қайта зерттелуде.

Тимур Смағұлов,  Ә.Марғұлан ат. Археологиялық зерттеулер институтының директоры:

- Қазіргі уақытта қимақтардың көш көлігі табылған жердегі бірегей жерлеу орны зерттеліп жатыр. Қазба барысында арбаның астынан қосарланған жерлеу анықталған. Оның ішкі мазмұны томограф арқылы зерттелді. Ендігі мақсат — жерлеуден табылған металл бұйымдарға талдау жасап, олардың элементтік құрамын және жауынгер белдігінің қандай металдан жасалғанын анықтау.

Жерлеу орнынан белдік қалдықтары, сәндік жапсырмалар мен былғары қалта  табылған. Мамандардың айтуынша, мұндай қалталардың  ішінде  әдетте тиындар, түрлі әшекейлер мен тұрмыстық бұйымдар сақталады.

Елена Тушева, Археологиялық коллекцияларының бас сақтаушысы:

- Біз Байдала қорғанынан табылған осы сәндік бұйымның элементтік құрамын анықтау үшін рентген-флуоресценттік талдау жүргіздік. Зерттеу нәтижесінде оның негізі мыстан жасалғаны анықталды, яғни бұйым толығымен мыстан құйылған. Ал сырты болжам бойынша қалайымен қапталған.

Қорғаннан табылған жәдігерлер сол дәуірдегі металл өңдеу мен зергерлік өнердің жоғары деңгейде дамығанының дәлелі. Археологтар алтынмен қапталған қола бұйымдар, қалайымен қапталған заттар мен ұсақ алтын пластиналарды анықтаған. Бір қызығы, мың жыл бұрын жасалған бұл бұйымдар бүгінге дейін жақсы сақталыпты. Жібек матадан тігілген киімдер мен былғарыдан жасалған бұйымдар да зерттелу үстінде.

Татьяна Крупа, зертхана меңгерушісі:

- Мен әсіресе былғары бұйымдарға тоқталғым келеді. Олар сол дәуірдегі технология, сән және тұрмыс ерекшеліктерінен сыр шертеді. Ал киімнің ажырамас бөлігі болған тоқыма бұйымдардың ішінде Байдала қорымынан табылған жібек маталар ерекше орын алады. Қазір Павлодарда Қимақ-қыпшақ дәуіріне тиесілі жібек маталардың ірі коллекциясы сақтаулы.

Байдала – тарихи құнды жәдігерлерге бай өлке. Мамандар кешеннен әлі де талай құпияның ашылатынына сенімді. Сондықтан қорғандардың бір бөлігін сақтап, тарихи-археологиялық кластер құруды ұсынып отыр. Бұл жоба көне мұраны зерттеп, музейге айналдыруға  және туристік нысан ретінде танытуға мүмкіндік береді. Осылайша Байдала өңірдің маңызды тарихи-мәдени орталығына айналуы мүмкін.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков