ШҚО-да жаз басталғалы 10 адам суға батып қаза тапты

Фото: gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында жағажайлар мен су айдындарында патрульдеу күшейтілгеніне қарамастан, жазғы шомылу маусымы басталғалы 10 адам суға батып қаза тапты, деп хабарлайды 24KZ.

ТЖМ мәліметінше, қайғылы оқиғалардың барлығына қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болған. Атап айтқанда, тұрғындар шомылуға тыйым салынған және қауіпті жерлерге барған.

Аптап ыстықтың күшеюіне байланысты құтқарушылар тек ресми жағажайларда ғана емес, су жағасындағы рұқсат етілмеген демалыс орындарында да бақылауды күшейтті. Шомылу маусымы басталғалы облыста 1700-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізілген.

Алайда жұмыс тек түсіндіру шараларымен шектелмейді. Су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 21 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Анықталған заңбұзушылықтардың қатарында балаларды су жағасында қараусыз қалдыру фактілері де бар.

Құтқарушылар шағын көлемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуын да бақылауда ұстап отыр. Маусым басталғалы оларды пайдалану ережесін бұзған тағы 59 адамға қатысты әкімшілік шара қолданылды.

Кеме жүргізушілеріне міндетті түрде құтқару кеудешелерін киюге, жолаушылардың рұқсат етілген санынан аспауға, мас күйінде суға шықпауға, ауа райы жағдайларын ескеруге және өзімен бірге қажетті құжаттарды алып жүруге кеңес беріледі, — деп ескертті ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Су айдындарын патрульдеу және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін құтқарушылар қуатты қозғалтқыштармен, навигация және байланыс құралдарымен, сондай-ақ қажетті құтқару жабдықтарымен жарақталған қайықтарды пайдаланады.

ТЖД тұрғындарды тек жабдықталған және шомылуға рұқсат етілген орындарды таңдауға, балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауға, жүзу құралдарында құтқару кеудешесін пайдалануға және ауа райы қолайсыз болған жағдайда суға шықпауға шақырды.