Алматы жартылай жарықсыз қалды

Бүгін Алматыдағы Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандары жарықсыз қалды. Бұған KEGOC желілеріндегі апат себеп болған.

Соның салдарынан бірқатар үйлер мен нысандар электр қуатынсыз қалды. Ал қазір электр көзі кезең-кезеңімен қайта беріліп жатыр. Жауаптылардың айтуынша, қаланың барлық жүйесі қалыпты жұмыс режимінде істеп тұр. Ал күндіз жағдай қалай болды.

Жарықтың өшуі сағат 15:00-дер шамасында болды. Республикалық энергожүйенің магистральдық желілерінде апаттық ажырату тіркелген. Соның салдарынан Алатау жарық компаниясының апатқа қарсы жүйесі іске қосылып, қала бойынша уақытша электр қуаты ажыратылды. Сөндірілген электр көзінің көлемі 10 мегаватты құрайды.

Рафаэль Пон, Германиядан келген турист:

- Мен өнер мұражайына барғым келген. Бірақ онда электр жарығы өшіп қалған, сол себепті ішке кіргізбеді. Кейін қайта келдім, мүмкін жарық жанған шығар деп ойладым. Бірақ әлі де жарық жоқ екен. Өкінішке қарай мұндай жағдайға жиі кездесе бермеймін.

Мамандар тұтынушыларды кезең-кезеңімен қайта қосып жатыр. Ал жарықтың өшуі қаланың басқа да инфрақұрылымына әсер етті. Метро жұмысы уақытша тоқтатылып, кейбір бағдаршамдар істен шықты. Қала жолдарындағы қозғалысты реттеу үшін полиция қызметкерлерінің жұмысы күшейтілді.

Әлішер Бекен, Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқарма басшысының орынбасары:

- Құрметті қала тұрғындары,электр қуатының өшуіне байланысты қала инфрақұрылымының жекелеген нысандары мен коммуналдық жүйелердің жұмысында іркілістер болуы мүмкін. Мамандар  оқиға орнында, желілерді тексеріп олардың штаттық жұмысын қалпына келтіру үшін қажетті шараларды жатыр. Электр мен жабдықтау қайта іске қосылғаннан кейін қалалық жүйелердің жұмысы кезең-кезеңімен  қалпына келтіріледі. Тұрғындардан сабыр сақтап, уақытша жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз. Қосымша ақпарат түскен бойда хабарлаймыз.

Электр жарығының өшуі медициналық ұйымдардың қызметіне әсер еткен жоқ. Олар резервтік қуат көздеріне қосылып, қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Ал кей аудандарда су қысымы төмендеп, жоғары қабаттарға су жетпеуі мүмкін. Электр қуаты қалпына келтірілгнен соң, сорғы станциялары да қайта жұмыс істейді.

Электр жарығының өшуі Алматының күнделікті тіршілігіне бірден әсер етті. Метро тоқтап, кейбір бағдаршамдар істен шықты. Қоғамдық көлік пен  жол қозғалысында да өзгерістер болды. Қазір мамандар электр желілерін қалпына келтіріп , тұтынушыларды біртіндеп қайта қосып жатыр. Қаланың күнделікті тіршілігі электр қуаты толық берілгеннен кейін біртіндеп қалпына келеді. Ал әкімдіктің хабарлауынша электр энергиясы аудандарға кезең-кезеңімен беріліп жатыр.

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Эдуард Кон