Форт-Шевченкодағы көне бекіністі абаттандыру жобасы тоқтады
Форт-Шевченко қаласын тұрғындар ашық аспан астындағы музейге теңейді. Маңғыстаудағы елді мекеннің әр көшесі мен көне ғимараттары өткеннен сыр шертеді.
Украин ақыны әрі суретшісі Тарас Шевченко осы жерде айдауда болғаны белгілі. Шаһар аумағында кезінде «Новопетровск» бекінісі деп аталған Қорғантас қалашығы бүгінде мәдени шаралар өтетін көрнекті орынға айналды.
Форт-Шевченкоға кіреберіс төбе басында ұлутастан салынған бекініс алыстан көзге түседі. Бұл жерде 1850 жылдары орыс патшасының әскері тұрған. Сол уақытта жергілікті халық мал еті мен терісіне салықтың өсуіне наразылық білдіріп, бекініс түбінде қарулы қақтығыс болған.
Жанқожа Саназаров, Форт-Шевченко қаласының тұрғыны:
- Бекініс қалыңдығы сыртынан 1,5 метр шарбақпен қоршалған. Сыртынан көрініп те тұр, мұның периметрі 700 метр. Жалпы бекіністің тұрған жері ұзынынан 250 метр де, ені 40 метрдей. Мына қасымыздағы Иса-Досанның ескерткіші бекер тұрған жоқ. Ол осы бекініске қатысы бар тарихтың бір жалғасы.
Тәуелсіздік жылдары бекініс жиегіне адай көтерілісінің батырлары Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлына, сондай-ақ саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған ескерткіштер қойылды. Тұрғындар: «ендігі кезек көне бекініс сүріліп, орнына бабалар рухына құран оқылатын мәдени кешен салынуы керек», - дейді.
Қуаныш Сүйеубаев, Түпқараған ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Ол бекіністің бұрынғы атауы Қорғантас болған. Бекіністің орны жойылды. Тек қана ізі қалды. Қазір де оның идеологиялық маңызы жоқ. Біздің мына келешек ұрпақ үшін осы жерде бір патриоттық сезім беретін, ұрпақтың тәрбиесіне бір пайдасы бар үлкен кешен жасағымыз келеді. Ардагерлердің атынан ұсыныстар берілді.
Айбек Даншабаев, қала әкімі:
- 2023 жылы негізгі жобасы жасалып, оған 650 млн теңге қарастырылған болатын. Алайда белгілі бір себептерге байланысты, қаржы мәселесіне байланысты жоба тоқтап қалды. Қазіргі таңда сол жобаның мерзімі өткеннен кейін түзетуге беріп қойдық. Халықтың сұранысы бойынша осы бекіністі абаттандырып, туризмді дамыту бағытында жұмыстар жүргізгіміз келеді.
Туристерді 7 жыл өмірін Маңғыстауда түрмеде өткізген украин ақыны Тарас Шевченко атындағы музей кешені мен саябақ, сәулет құрылысы ерекше ғимараттар қызықтырады.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Елді мекендегі тарихи нысандардың бірі – осы көне мектеп. 1909 жылы жергілікті ұлутастан еуропалық үлгіде салынған нысан әр жылдары мектеп, жатақхана, спортзал, оқушылардың оқу орталығы ретінде пайдаланылды. Ғимарат құрылысының ерекшелігі сыртындағы темір қоршауынан-ақ анық байқалады.
Каспий жағалауында орналасқан қалаға өңірлер мен шетелден келушілердің қатары артқан. Соңғы жылдары белсенді жастардың қаражатына шаһар жағажайы абаттандырылып, демалыс орны салынды. Айта кету керек, Түпқараған ауданының орталығы саналатын Форт-Шевченко – аймақтағы алғашқы қала.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев