Дрондарды қолдану аясы кеңейді

Шығыс Қазақстан облысында өздігінен ұшатын аппараттарды басқарудың орталықтандырылған жүйесі енгізілді.

Өңірде дрон ұшыратын бағдарламашылар мен ұшқыштардан құралған арнайы мақсаттағы жедел штаб жұмыс істейді. Олар күнделікті қашықтан басқарылатын аппараттарды игеру дағдыларын дамытып, күрделі тапсырмаларды орындайды. Орманда жоғалып кеткен туристерді іздеп, жергілікті жердің топографиялық картасын жасайды.

Өңірде жыл санап ұшқышсыз аппараттарды қолдану аясы кеңейіп келеді. Әсіресе полиция мен төтенше жағдай қызметінде көмегі көп. Ал оларды басқаратын операторлар осы орталықта дайындалады. Себебі ұшу аппаратын игеру үшін тәжірибе мен ептілік қажет. Ұшу барысында желдің бағыты мен жылдамдығын, жер бедерін алдын ала бақылап отыру маңызды.

Тау-тас пен қалың орманда адасқан  туристерді іздестіруге де дрондар өте тиімді, - дейді мамандар. Ұшу аппаратында орнатылған жарық сигналы адасқан жолаушыларға бағыт-бағдар береді. Сәуір айынан бері арнайы топтың операторлары 64 мәрте дрон ұшырып түрлі көмек көрсеткен.

Айдос Дәулетханов, облыстық Цифрландыру және мұрағат басқармасының бөлім басшысы:

- Мемлекеттік органдарға көмегіміз көп тиіп жатыр. Адамдардың жоғалуы, өрт сөндіру кезеңдерінде және де ЖКХ дейді коммуналдық қызметте, қоқыс шығару кезеңдерінде ұшқышсыз аппараттардың көмегімен көмегіміз көп болып жатыр. Болашақта бүкіл Шығыс Қазақстан облысын 83 дронмен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Арнайы сигналы бар полиция дрондары жол бойындағы тәртіпті бақылауда өте тиімді.  Оның көмегімен маусым айының басынан бастап жолдың қарсы бағытына шыққан 43 жүргізушіге әкімшілік шара қолданылды. Әуеден барлау нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді.

Жарас Нұрымов, ПД Цифрландыру және ЖИ басқармасының бастығы:

- Жыл басынан бері аталған авиациялық жүйелерді қолдану арқылы криминалдық полиция бағыты бойынша - 7, хабар-ошарсыз кеткен азаматтың орналасқан жері анықталды және 3 мал жоғалу фактсі бойынша мал табылды. Ал ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бағыты бойынша алтынды заңсыз өндірудің 4 фактісі анықталды. 

Қазір мамандар дрондардың заманауи түрлерін сынақтан өткізіп жатыр. Мысалы, мына аппарат 3 сағатқа дейін әуеде қалықтап, 50 шақырым қашықтықты барлауға мүмкіндік береді. Өңірде ұшқышсыз аппараттар өзге салаларда да қолданылады бастады. Мәселен, көлік жолдарының жағдайы мен үстемесін бақылау мен оларды цифрландыру дронның көмегімен жасалады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин