5G адам денсаулығына қауіпті ме: Қазақстанда 255-тен астам ғылыми зерттеу жүргізілді

Фото: depositphotos.com

Қазақстандық мамандар 4G және 5G технологияларының адам денсаулығына әсері туралы 255-тен астам ғылыми жарияланымды зерттеп, заманауи байланыс желілерінен қауіптенуге негіз бар-жоғын анықтады, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті заманауи ғылыми деректер белгіленген электромагниттік қауіпсіздік нормалары сақталған жағдайда 4G және 5G технологияларының адам денсаулығына зиянды екенін растамайтынын хабарлады.

Ведомство мәліметінше, мобильді байланыс технологияларының дамуымен бірге адамдар арасында ұялы телефондар, байланыс мұнаралары және электромагниттік өрістердің (ЭМӨ) ықтимал әсеріне қатысты алаңдаушылық та туындап отыр. Оның ішінде 4G және 5G сигналдарының адам денсаулығына кері әсері болуы мүмкін деген ақпараттар да тарайды.

Қолда бар ғылыми деректерді бағалау мақсатында биыл Қазақстанның бірқатар ғылыми және медициналық ұйымдарының мамандары халықаралық зерттеулерге талдау жүргізген болатын. Мета-талдаулар мен жүйелі шолуларды қоса алғанда, 255-тен астам ғылыми жарияланым зерттелді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бүгінгі күнге дейін электромагниттік қауіпсіздіктің халықаралық нормалары сақталған жағдайда 5G технологияларының адам денсаулығына ұзақ мерзімді кері әсер ететіні туралы сенімді ғылыми дәлелдер алынған жоқ, - делінген хабарламада.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті радиожиілікті сәулеленудің адам денсаулығына әсерін зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын атап өтті.

Кейбір мәселелер ғылыми ортада әлі де талқылануда. Сондықтан мамандар электромагниттік өрістерге қатысты талаптарды белгілеуде сақтық қағидатын ұстанып, жаңа ғылыми деректерді тұрақты түрде бағалап отырады.

Яғни белгіленген нормалар сақталған жағдайда 5G-дің зияны дәлелденбегені зерттеулер тоқтайды дегенді білдірмейді. Ғалымдар жаңа зерттеулердің нәтижелерін бақылауды жалғастырып, қажет болған жағдайда қауіпсіздік талаптарын қайта қарастырады.

Қазақстанда электромагниттік өрістердің деңгейі санитариялық-гигиеналық нормативтермен реттеледі. Олар халықтың қауіпсіз өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету үшін электромагниттік әсердің шекті рұқсат етілген деңгейлерін белгілейді.

КСЭК түсіндіргендей, халық үшін белгіленген электромагниттік өріс деңгейлері кәсіби қызмет барысында жұмысшыларға қолданылатын нормативтерден төмен. Сонымен қатар қосымша гигиеналық қауіпсіздік қоры қарастырылған.

Сондықтан белгіленген талаптар сақталған жағдайда 4G және 5G стандарттарында жұмыс істейтін байланыс мұнаралары мен жабдықтардың болуы тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіреді деп айтуға негіз жоқ.