Франция мен Италия брендтерінің моделі қазір Қарағандыда сарбаз атанып жүр
Бір кездері әлемнің әйгілі сән подиумдарын бағындырып, танымал брендтердің киімдерін көпшілікке таныстырған Шыңғыс Таңатпаев бүгінде әскери форма киіп, Отан алдындағы борышын өтеп жүр, деп хабарлайды «24KZ».
Қарағандыдағы 5451 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Шыңғыс Таңатпаев модельдік мансабын 17 жасында бастаған. Келісті келбеті мен бойының арқасында ол халықаралық деңгейге көтеріліп, Францияның әйгілі Pierre Cardin сән үйінің, сондай-ақ Италияның Federico Barrazzo және Sauvage Multi брендтерінің көрсетілімдеріне қатысып, әлемнің түрлі елдерін шарлаған.


Бүгінде сән әлемінің жұлдызы подиумдағы нық қадамдарын саптағы әскери жүріске ауыстырды. Сарбаздың айтуынша, модельдік өнер мен әскери қызметтің арасы жер мен көктей көрінгенімен, екеуіне де ортақ басты қағида бар – ол қатаң тәртіп пен жинақылық.
Қазіргі уақытта жауынгер Қарағанды қаласының қоғамдық қауіпсіздігін сақтауға өз үлесін қосып жүр. Ол күн сайын әскери міндетін абыроймен атқарып, адам көп шоғырланған орындарда және түрлі бұқаралық іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды.
