Қызылорда облысында сапалы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті
Өңірде инфрақұрылымды жаңартуда әсіресе ауылдық елді мекендердің жолдарына басымдық беріліп отыр.
Мысалы, Қармақшы ауданында ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген Байқоңыр қаласы мен Төретам, Ақай елді мекендерін жалғайтын маңызды жол пайдалануға берілді.
Байқоңыр қаласы мен Төретам, Ақай елді мекендерін жалғайтын жол күрделі жөндеуден өтті. Ұзындығы 5 шақырымнан асатын бұл бағыт ұзақ жылдар бойы шұрық-тесік болып жатқан еді. Жөндеу жұмыстарынан кейін тақтайдай тегіс әрі қауіпсіз жолға айналды.
Төлеміс Әлиев, Төретам кентінің тұрғыны:
- Енді бұрынғы жол енді баршасына белгілі ғой, тұрғындар үшін, шұрық-тесік, барша көлік жүргізушілері үшін енді қалталарына тиетін еді. Шұрық-тесік, ходовка дегендей. Қазір енді тегіс, тап-таза, тура жол, уақытты үнемдейді.
Қармақшы ауданында кейінгі жылдары барлық елді мекеннің кіреберіс жолы толық асфальтталды. Биыл тағы 12 шақырымға жуық ауыл көшесі жаңарады. Бұдан бөлек, «Жалағаш-Жосалы» тасжолындағы теміржол өткелі де күрделі жөндеуден өтуде.
Бақытбек Жылтыров, Қармақшы аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Жосалы кентті және елді мекендердің арасында 38 көшенің жобасы дайын болып, сараптамадан барлығы өткізіліп, келісімшарт бойынша жеңімпаз мекеме ОрдаАвтоДор болып жеңімпаз болып танылды. Алдағы уақытта осы 38 көшеміз тағы да қосымша осы асфальт төсеніштерімен төселетін болады.
Соңғы 4 жылда Сыр өңірінде 1700 шақырым автожол мен 35 көпір салынды. Нәтижесінде сапалы жолдардың үлесі 82-ден 95 пайызға жетті. Биыл тағы 141 шақырым жол мен 70 көше қайта жаңғыртылады.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин