LRT құрылысына жаңа тәсіл енгізілді

Астанада LRT құрылысы қызу. Қосшы бағытындағы жолдың тіреуінен бөлек үстіндегі эстакадалары да қойылып жатыр. Бұл ғана емес. Тарланның қадасы қаланың өзге аумақтарына да қағылды.

Жағалау аумағында Талдыкөлге дейін, ескі қала аумағында Астана воказалы аумағында LRT жолының алғашқы жұмыстары басталып та кетті.

Тағы бір жаңалық LRT желілері екі көл мен бір өзеннің су қорғау аймақтарын кесіп өтеді. Оның бағыт-бағдары экологиялық құжаттамада көрсетілген. Ал Қосшыға қарай беттеген желінің құрылысына жаңа тәсіл енгізілді. Бұл құрылысты жеделдетуге серпін береді. Алматы қаласында да LRT құрылысы қызу.

LRT жаңа желілері су қорғау аумағымен өтеді

Астанадағы LRT-ның жаңа желілері екі көл мен бір өзеннің су қорғау аймақтарын кесіп өтеді. Бұл туралы жобаға қатысты жарияланған экологиялық құжаттамада көрсетілді. Жаңа желілер Қосшы, Ескі вокзал және Жағалау аумақтарын қамтиды. Бас-аяғы 26 шақырымнан астам рельс төселеді. Дәлірек айтсақ, Сығанақ көшесінен Жағалауға, сосын Тұран мен Жеңіс даңғылдары арқылы Ескі вокзалға бағытталады. Ал Қосшыға апаратын желі "Астана Жұлдызы" стансасынан шығады. Депо мен кейбір стансалар Талдыкөл, Кіші Талдыкөл, Тассуат көлдері мен Сарыбұлақ өзеніне жақын орналасқан. Арақашықтық 125-тен 455 метрге дейін жетеді. Ал желіге ең жақын тұрғын үй небәрі 13 метр қашықтықта орналасқан.

LRT құрылысына жаңа тәсіл енгізілді

LRT салған сайын тәжірибе молайып, жаңа тәсілдер енгізіле бастады. Қосшыға қарай беттеген желіге арнайы көпір орнатқыш техника тартылды. CTS компаниясының мәліметіне қарағанда, мұндай әдіс бізде алғаш рет қолданылып отыр. Соның көмегімен темірбетон арқалықтар орнатыла бастады. Техника зияткерлік басқару жүйесімен және қашықтан бақылау тетігімен қамтылған. Бұл тәсіл құрылыс қарқынын үдетуге және автожолдарды уақытша жабу жиілігін азайтуға мүмкіндік береді. Ал ескі вокзал мен Жағалау аумақтарында техникалық-геологиялық барлау жұмыстары жүріп жатыр.

Алматыда LRT құрылысы жүріп жатыр

Алматы қаласында да LRT құрылысы жүріп жатыр. Қазір Бауыржан Момышұлы мен Төле би көшелерінде рельстер салынатын аумақты дайындау және құрылыс аймағына кіретін инженерлік желілерді қайта орналастыру жұмыстары қолға алынған. Жобаның бір ерекшелігі - жеңіл рельсті көлік эстакадамен емес, кәдімгі трамвай сияқты жердің үстімен жүреді. Пойыздар орташа есеппен сағатына 30-35 шақырымды еңсереді. Ал аялдамалар арасындағы қашықтық шамамен 700 метр болады. Бастапқы кезеңіндегі маршрут мынадай: ЛРТ депосы Алатау ауданындағы индустриалдық аймақта орналасады. Содан жеңіл рельсті көлік Момышұлы көшесінің бойымен Төле би көшесіне, одан әрі Абылай хан даңғылы арқылы екінші теміржол вокзалына дейін барады. Жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асады. Жобаның алғашқы алғашқы кезеңі келесі жылы аяқталады. Одан кейін екінші кезеңді бастап, желіні қаланың батысындағы көлік торабы мен шығыс қақпаға қарай бағыттау көзделген.

Данияр Надырханов, Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы:

- Бірінші кезең мен екінші кезең іске асатын болса, қаланың батыс шекарасы мен шығыс шекарасы қосылады Алматы облысымен. Сол кезде бізге батыстан келетін, Қаскелең, Ұзынағаштан келетін адамдарға машиналарын ауыстырып міну торабына тастап, сол LRT желісі және метро желісі келеді бұл торапта. Адамдарда таңдау болады.

Көлік инфрақұрылымы туризмге ықпал етеді

Мұндай көлік инфрақұрылымын дамыту күнделікті жолаушы тасымалын жеңілдетіп қана қоймай, жергілікті туризмді түлетуге оң ықпал етеді. Қазірдің өзінде Астанадағы LRT ай сайын жүздеген мың жолаушы тасымалдап жатыр. Әрі туристер үшін негізгі нысанға айналды.