ШҚО-да қос азаматтықпен жүрген 35 адам жауапқа тартылды
Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері басқа елдің азаматтығын алғанын тиісті органдарға хабарламай, Қазақстан құжаттарын пайдаланған 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды 24KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Көші-қон қызметінің мәліметінше, өңірде биыл 550-ден астам адамның Қазақстан азаматтығын жоғалтқаны тіркелген. Олардың басым бөлігі шетел азаматтығын алған.
Алайда кейбір азаматтар Қазақстан азаматтығын жоғалтқанына қарамастан, елге кіру және Қазақстан аумағында болу кезінде қазақстандық паспорт пен жеке куәлікті пайдалануды жалғастырған.
Заң бұзғандардың ішінде:
· 26 адам шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған;
· 9 адам Қазақстан азаматының паспорты немесе жеке куәлігін пайдалануды жалғастырған.
Мәселен, Өскеменде 64 жастағы әйелдің басқа мемлекеттің азаматтығын алғанына қарамастан, бұл туралы уақтылы хабарламағаны және Қазақстан құжаттарын пайдаланғаны анықталды. Нәтижесінде оның қазақстандық құжаттары тәркіленіп, Қазақстан азаматтығын жоғалтқаны тіркелді.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, басқа мемлекеттің азаматтығын алған адам бұл туралы көші-қон қызметіне белгіленген мерзімде хабарлап, Қазақстан азаматының паспорты мен жеке куәлігін тапсыруға міндетті.
Қазақстанда қос азаматтыққа заң бойынша жол берілмейді.