Павлодар облысында 27 адам қос азаматтық үшін жауапқа тартылды

Фото: polisia.kz

Павлодар облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі қос азаматтықтың 27 фактісін анықтады, деп хабарлайды «24KZ» Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жыл басынан бері Павлодар облысында 398 азаматтың Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқаны тіркелді. Көші-қон заңнамасын әртүрлі бұзғаны үшін 40 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың жетеуі Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды, — деді Павлодар облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Александр Кузьменко. 

Мәселен, 26 жастағы әйел 2015 жылдан бері көрші елдің азаматы бола тұра, бұл туралы полиция органдарына хабарламаған. Ал 29 жастағы тағы бір әйел көрші елдің азаматтығын алғанына қарамастан, мемлекеттік шекараны Қазақстан Республикасының паспортымен кесіп өткен. Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнаманы бұзғаны үшін аталған азаматшалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бап бойынша 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе Қазақстан Республикасының аумағынан шығарып жіберу түріндегі жауапкершілік көзделген.

Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан адамдардың Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарын пайдаланғаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған, — деп түсіндірді облыстық көші-қон қызметінің басшысы.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, елде қос азаматтыққа жол берілмейді. Яғни Қазақстан Республикасының азаматы бір мезгілде басқа мемлекеттің азаматы бола алмайды. Егер Қазақстан азаматы өзге мемлекеттің азаматтығын қабылдаса, Қазақстан Республикасының азаматтығы заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтатылады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз 

Сондай-ақ оқыңыз: