Ташкент облысындағы туристік орындарда дауыс беру жәшіктері қойылды
Осылайша, демалыста жүрген қазақстандықтар да сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасады. Бүгін Ташкент қаласындағы нөмірі 431-ші сайлау учаскесіне келіп таңдауын жасағандар көп болды. Мұнда тіркелген азаматтардан бөлек, Өзбекстан астанасына сапарлаған отандастарымыз төбе көрсетті.
Дулат Нуркин, тілші:
- Бүгін Ташкенттегі сайлау учаскесі жылжымалы форматта да жұмыс істеді. Сайлау комиссиясының мүшелері туристер көп баратын орындарға дауыс беру жәшіктерін орналастырды. Қазіргі уақытта шамамен 200 отандасымыз бюлетенге таңдау белгісін қойған. Жалпы 431-ші учаскеге тіркелген азаматтардың 100 пайызы қазіргі уақытта төбе көрсетті. Одан тыс Ташкентте сапарлап жүрген отандастарымыз да өз таңдауларын жасады.
Ақтоты Райымқұлова, Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті:
- «Құрылтай» деген сөз түркі халықтары үшін үлкен маңызға ие. Бұл сөз біздің ата заңымызға, қоғамымызға еніп жатыр. Бұл біздің еліміздің 35 жыл бойы заманауи қарқынды дамып келе жатқанының белгісі.
Аманжол Әлтай, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Бұл еліміз үшін маңызды қадам. Елдің тұтастығын, халықтың бірлігін, біздің болашаққа деген нық қадамымыздың дәлелін көрсетеді. Сондықтан да мен өз таңдауымды жасадым.
Дулат Нуркин, тілші:
- Дауыс беру уақыты аяқталуға жақындаса да, азаматтарымыз әлі де өз таңдауын жасап жатыр. Құрылтай бұл еліміз үшін жаңа саяси бастау. Мемлекеттілікті ту еткен отандастарымыздың ортақ ойы осыған саяды.