Ақтөбе облысында ауылға көшкендердің қатары артты
Қобда ауданы Терісаққан елді мекеніне кейінгі бірнеше жылда 60 адам қоныс аударды.
Қаланың қарбалас тірлігінен шаршаған жандар төскейде төрт түлік баққанды жөн көреді. Шалғай ауылдардағы тұрмыс сапасы да шаһардан кем емес, - дейді тұрғындар.
Ырысалды Өтениязова үшін ауылдың күйбің тірлігі таңсық емес. 2010 жылға дейін Терісаққан ауылында тұрған. Кейін тұрақты табыс көзін іздеп отбасымен облыс орталығына қоныс аударған. Жұбайы қаланың қарбаласынан шаршап, даланың тыныштығын аңсаған соң ауылға қайта оралдық дейді. Он бес жыл ішінде Терісаққанға жол салынып, көгілдір отын мен ауызсудың жетуі де себеп болған.
Ырысалды Өтениязова, Терісаққан ауылы тұрғыны:
- Бұрын осында тұрдық. Келін болған соң от жақтық, күл алдық, көмір тасыдық. Қазір ондай жасалмайды. Газ келді, жол салды, су, жарық бар. Барлық жағдай жасалған. Тек еңбек ету керек. Еңбек еткен адамға бәрі де болады деп ойлаймын.
Тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан кейін урбанизация жетегінде кеткен Терісаққан тұрғыны аз болмады. Екі қолға бір күрек іздеп, аудан орталығы мен өзге де үлкен шаһарларға қоныс аударды. Алайда соңғы жылдары бұл үрдіс азайып, тіпті ауылдан үй іздегендер қатары артқан.
Асылбек Клютов, Терісаққан ауылдық округінің әкімі:
- Ауылымызды әлеуметтік желілерден көріп хабарласып жатқан жас мамандар, ауыл шауаршылығымен айналысамын деген адамдар бар. Еңбек етем, кәсіппен айналысамын, трактор жүргіземін, қой, ірі-қара бағамын дегендерді шақырып жатырмыз.
Терісаққан ауылында қазір 600-ден астам тұрғын бар. Орта мектеп пен мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория, ветеринарлық пункт пен өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Тұрғындардың негізгі табыс көзі – ауылшаруашылығы. Елді мекен аумағындағы 16 шаруа қожалығы төрт-түлік бағып, дәнді дақылдар өсіреді. Сондықтан білікті мамандарға сұраныс жоғары.
Қуандық Тоқтағұлұлы, Терісаққан ауылы тұрғыны:
- Халықтың келгені бізге де жақсы ғой. Жұмыс істейтін адамдар болса жақсы, қазір жұмысшы табылмайды. Трактор мен зил көлігін жүргізетін адамдардың өзін әкелу қиын. Әсіресе бақташы табылмайды. Ал келіп «мал бағамыз, тракторға, техникаға отырамыз», - десе үйді салып береміз.
Айрандай ұйып отырған ауылда қазір жұмыссыз жүрген жан жоқ. Егін науқанына кіріскен шаруа қожалықтары тіпті көршілес елді мекендерден маман шақыртуға мәжбүр. Сондықтан олар ауылға көшуге ниет білдіргендерге арнап жаңа 12 үй тұрғызып қойған.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов