Бұдан былай ойыншық емес: Самокат тізгіндейтіндерге жаңа шектеулер қойылды

depositphotos.com

Қазақстанда электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне ресми түрде тыйым салынып, оларды басқару ережелері қатаңдатылды. Бұл туралы елдегі жол-көлік оқиғаларының күрт өсуіне байланысты Бас прокуратура ескерту жасап, жаңа заңнамалық талаптарды еске салды, деп хабарлайды «24KZ».

Жыл басынан бері елімізде мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 33 адам қаза тапты және 461 адам жарақат алды. Сондай-ақ велосипедшілердің кінәсінен 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушылардың кесірінен 97, ал электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол-көлік оқиғасы орын алған.

Өкінішке қарай, осы апаттардың салдарынан 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала көз жұмды. Бұдан бөлек, екі дөңгелекті көліктердің қағып кетуі салдарынан да талай азамат түрлі жарақат алып, 4 адам қаза тапқан.

Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында қабылданған жаңа өзгерістерге сәйкес, бүгіннен бастап электрсамокаттарға тротуарлармен жүруге рұқсат етілмейді. Егер арнайы велосипед жолы немесе жолағы болмаса, самокатпен жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен ғана жүруге болады. Бұл ретте жүріс бөлігінде электрсамокатты тек 18 жасқа толған, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын киген адамдар ғана басқара алады.

Мопед жүргізушілері де тек жүріс бөлігімен қозғалуға міндетті. Ал жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өткен кезде барлық жеке мобильділік құралдарының иелері көліктен түсіп, оны жанынан жетектеп өтуі шарт.

Заңнамада жолаушыларды тасымалдауға, рөлді бір қолмен ұстап телефон пайдалануға, сондай-ақ тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын элементтерсіз қозғалуға қатаң тыйым салынған.

Бас прокуратура ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамай, олардың көлік құралдарын бақылаусыз басқаруына жол бермеуге шақырады. Автокөлік жүргізушілері де қиылыстар мен аулалардан өтерде барынша сақ болуы тиіс, өйткені көлікпен соқтығысқан жағдайда екі дөңгелекті көлік жүргізушісі әрдайым ауыр жарақат алады.