Алматыда брендтелген құдық қақпақтары пайда болды
Алматыда брендтелген инженерлік құдық қақпақтары
пайда болды. Онда қаланың әсем таулары мен сәулет нысандары бейнеленген. Мамандар осылайша шаһардың дизайн-кодын қалыптастыруды көздейді. Ал тарихы тереңде жатқан қақпақтар қажет болған жағдайда жаңғыртудан өтеді.
Ірі мегаполистегі жаңа инженерлік құдық қақпағы қоғамдық кеңістіктерден бастап, көшелер мен даңғылдарға кезең-кезеңімен орнатылуда. Олар сән үшін ғана емес, техникалық қызметін де атқаруы тиіс. Сондықтан жаңа брендтелген қақпақтың сапасы да жақсарыпты.
Аслан Қандығұлов, урбанистика орталығының директоры:
- Қала бойынша қарайтын болсақ, ескі көшелерде ескі люктер тұр. Ешқандай брендсіз дегендей. Жалпы олар бірнеше уақыт өткеннен кейін тозатын болған соң жаңа люкке ауыстырылып жатыр. Белгілі бір өзінің тарихи маңыздылығы бар элементтері болса, люк немесе фонарьларда оларға қайта реставрация жасалады.
Ернұр Рысбай, тілші:
- Әдетте қаламен жақынырақ танысу үшін музей аралап, тарихи орындарға бару керек деп ойлаймыз. Алайда шаһар тарихын күнделікті көшеден де көруге болады. Тіпті аяғымыздың астындағы кәріз қақпақтарының өзі шаһардың өткені мен бүгіні туралы сыр шертеді.
Алматының тарихын зерттеуші Евгения Морозованың айтуынша, шаһарда жүз жылдан астам тарихы бар қақпақтар аз емес. Себебі 1936-1940 жылдар аралығында қалада шамамен 39 шақырым инженерлік желі тартылған. Сондай көне қақпақтардың бірі Абай атындағы опера және балет театрының жанында жатыр.
Евгения Морозова, экскурсия жүргізуші:
- Бұл тарихи қақпақ. Үстінде 1941 жыл деген белгі бар. Алматыда жасалған алғашқы құдық қақпақтарының бірі. Оның бетінде қаламыздың символдары бейнеленген. Бұл қала үшін өте құнды жәдігер. Сонымен қатар 1941 жыл театрымыздың дәл сол кезеңде кәріз жүйесіне қосылған уақыты. Бір қарағанда, өте қарапайым нәрсе сияқты. Бірақ бұл қала тарихы үшін маңызды дерек.
Инженерлік құдық қақпақтарындағы әріптер де ерекше мәнге ие. Сол арқылы қақпақ астында не жатқанын білуге болады. Мысалы, «В», «ВД» және «ГВ» әріптері су құбырын білдіреді. «Г» мен «ПГ» гидрант бар екенін аңғартады. Ал «КК» әріптері кабельдік коммуникацияларға тиесілі.
Евгения Морозова, экскурсия жүргізуші:
- Осы белгілер арқылы қаладағы инженерлік инфрақұрылым қақпағының тарихынан бастап, қолданылу мақсатына дейін анықтауға болады. Бұдан бөлек қақпақтың үстінде «телефон» деген жазу және «НКС» деген қысқартылған белгі бар. Бұл байланыс халық комиссариаты дегенді білдіреді.
Көше бойындағы әрбір инженерлік құдық қақпағы қала тарихынан сыр шертеді. Олар қаланың инженерлік жүйесінің ғана емес, шаһар шежіресінің де бір бөлшегі.
Ернұр Рысбай, Кенже Амраев