Шымкентте көпқабатты үйлердің 90%-ы жылыту маусымына дайын
Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлердің 90 проценті жылыту маусымына дайын. Жалпы 2 241 үйдің жылыту жүйесі қысыммен тексеріліп, талапқа сай екені анықталды.
Одан бөлек, мектеп пен аурухана секілді әлеуметтік нысандар мен, спорт және мәдениет мекемелері де жылыту маусымына сақадай сай күйде. Бұл туралы қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері мәлімдеді. Салаға жауаптылардың сөзінше, биыл 19 шақырым болатын магистралды және ішкі орамдық жүйелердің тозу деңгейін төмендету жоспарланған. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу. Жылу-энергетикалық орталығын жаңғырту мақсатында 1 млрд теңгеден астам инвестициялық қаржы игерілген. Ал орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған нысандар үшін 10 мың тоннадан астам қатты отынның қоры жасақталды.
Азат Қайнарұлы, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- 31 дербес қазандықтың 29-ы дайын 94%. 17 сорғы станцияларының 15-і дайын. 464 бюджеттік ұйым болса қазіргі таңда 458-і дайын. Яғни 99% жылу маусымына дайын. Қалған жұмыстар осы қыркүйек айында аяқталады.