Заң қағаз жүзінде қалмауы керек: Президент балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеуді ұсынды
16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қою мәселесі Қазақстанда қайта күн тәртібіне шықты. Бұл бастама интернеттегі бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың бірі. Алайда оның тиімділігі жас шегін белгілеумен ғана емес, баланың жасын анықтау, платформалардың жауапкершілігі және цифрлық сауаттылық сияқты тетіктердің қатар жұмыс істеуіне байланысты. Осы мәселеге қатысты Qazaq Expert Club-тың білім беру саласындағы сарапшысы Жазира Асанова пікір білдірді, деп хабарлайды «24KZ».
Бүгін бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне заңнамалық деңгейде тыйым салу туралы бастамасын қолдады. Мемлекет басшысы бұл мәселені басым тәртіппен қарауды ұсынды.
Осыдан екі күн бұрын мәселе педагогтердің Тамыз конференциясында да көтерілген болатын. Сол кезде Президент тиісті заң жобасын Үкімет әзірлеп, маусым айында Парламентке енгізгенін айтты. Әңгіме тек әлеуметтік желілерге шектеу қоюмен шектелмейді. Зиянды контентті сүзгілеу және балаларға арналған SIM-карталарды енгізу мәселелері де қарастырылып жатыр.
Яғни интернеттегі бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше тетік қатар талқылануда. Олардың қатарында пайдаланушының жасын растау, жекелеген сервистерге қолжетімділікті шектеу және балаларды зиянды контенттен қорғау бар.
Мәселенің ауқымы да үлкен. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасындағы дерекке сәйкес, 2025 жылғы 1 желтоқсанда елімізде 6,9 млн бала тұрған. Бұл – жалпы халықтың 34%-ы. Ал 2025–2026 оқу жылында мектептерде 3,9 млн бала білім алды.
Балаларға арналған SIM-карталарды енгізу мәселесі де 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасына енгізілген. Қазір бұл тетік байланыс операторларымен бірлесіп пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр.
Жас шегін заңмен белгілеу өзімен бірге бірқатар практикалық мәселені алып келеді. Мысалы, пайдаланушының нақты жасы қалай расталады? Қандай платформаларға шектеу қойылады? Талаптардың орындалуын кім бақылайды? Жасты растау кезінде балалардың дербес деректері қалай қорғалады?
Бұл сұрақтар Қазақстан үшін ғана өзекті емес. Бұған дейін осындай шектеулер енгізген елдер де олардың тиімді жолдарын іздеп келеді.
Мәселен, Австралияда 2025 жылғы 10 желтоқсаннан бастап әлеуметтік платформалар 16 жасқа толмаған балалардың аккаунт ашуына немесе бұрынғы аккаунтын сақтап қалуына жол бермеу үшін шаралар қабылдауға міндеттелді. Бұл талап Facebook, Instagram, TikTok, Snapchat, X, YouTube және Reddit сияқты платформаларға қатысты.
Австралиядағы алғашқы нәтижелерге сәйкес, желтоқсан айының ортасына қарай платформалар 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға тиесілі деп анықталған шамамен 4,7 млн аккаунтқа шектеу қойған. Кейін жүргізілген зерттеуде әлеуметтік желіде жеке аккаунты бар 16 жасқа толмаған балалардың үлесі 52,4%-дан 42,1%-ға дейін төмендеген.
Алайда аккаунт ашуға тыйым салу әлеуметтік желіні пайдалануды толық тоқтатпайды. Мысалы, Австралияда балаларға аккаунтқа кірмей-ақ ашық контентті көруге тыйым салынбаған. Сонымен қатар мессенджерлер, ойын сервистері мен көптеген білім беру платформалары бұл жас шектеуіне жатпайды.
Сондықтан пайдаланушының жасын анықтау тетігі маңызды. Егер бала тіркелу кезінде туған жылын өзгертіп көрсетсе, заңның өзі мәселені толық шеше алмайды. Демек, жасты сенімді түрде растау бүкіл жүйенің негізгі тетіктерінің біріне айналады.
Әлемде балалардың әлеуметтік желіні пайдалануын реттеудің басқа да тәсілдері бар.
Мысалы, Meta АҚШ-тың 52 бас прокурорымен жасөспірімдердің Facebook пен Instagram-ды пайдалану тәртібін өзгерту жөнінде келісім жасады. Онда әлеуметтік желіні пайдалануға уақыт бойынша шектеу қою және түнгі уақытта кей функцияларды бұғаттау сияқты талаптар қарастырылған.
Қытайда да кәмелетке толмағандарға арналған арнайы режим қолданылады. Ал Еуропалық одақ балаларды платформаларда ұзақ уақыт ұстап тұруы мүмкін функцияларды шектеуге басымдық беріп отыр. Олардың қатарында push-хабарламалар, бейнелерді автоматты түрде ойнату және пайдаланушыны сервисті ұзақ қолдануға ынталандыратын өзге де функциялар бар.
Сарапшы Жазира Асанованың пікірінше, техникалық шектеулердің өзі жеткіліксіз. Баланың интернеттегі қауіпсіздігі үшін цифрлық сауаттылықты қатар дамыту қажет.
2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында 1-сыныптан бастап цифрлық білім беруді енгізу қарастырылған. Оның аясында киберқауіпсіздік, цифрлық гигиена, сыни ойлау және медиасауаттылық негіздерін оқыту жоспарланған.
Интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық тақырыптары «Жеке қауіпсіздік» сабақтарына да енгізіледі. Сонымен қатар ата-аналарға балалардың цифрлық ортасын бақылау және интернеттегі қауіптерді анықтау бойынша қажетті дағдыларды үйрету көзделген.
Әртүрлі елдердің тәжірибесі бір ғана шарадан гөрі бірнеше тетікті қатар қолданудың маңызын көрсетеді. Яғни пайдаланушының жасын тексеру, қолжетімділікті шектеу, платформалардың жауапкершілігін арттыру және балалардың цифрлық сауаттылығын күшейту қажет.
Қазақстанда да осы бағыттағы шаралар біртіндеп қалыптасып келеді. Әлеуметтік желілерге қатысты жас шегі талқыланып жатыр, балаларға арналған SIM-карталар пилоттық режимде сынақтан өтуде, зиянды контентті сүзгілеу қарастырылуда.
Заңның тиімділігі оның қағаз жүзінде қабылдануымен емес, іс жүзінде қалай орындалатынымен өлшенеді. Сондықтан балаларды интернеттегі қауіптен қорғау үшін заңнамалық шектеулермен қатар технологиялық және білім беру тетіктері де қатар жұмыс істеуі маңызды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз