Талдықорғанда «Мерейлі отбасы» байқауының іріктеу кезеңі қорытындыланды
Талдықорғанда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының іріктеу кезеңі қорытындыланды.
400-ден аса отбасы қатысқан сайыста үздік деп танылғандарды облыс әкімі Бейбіт Исабаев марапаттады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйақы табысталып, құрмет-қошемет көрсетілді.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы осымен 13 рет өткізіліп отыр. Дәстүрлі құндылықтарымызды дәріптейтін шараның мәні мен маңызы зор.
Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:
- Отанымыздағы әрбір отбасы Қазақстан деп аталатын алып шаңырақтың берік қадалған бір-бір уығы іспетті. Президентіміз кеше Тамыз конференциясында азаматтарымыздың мұңға батып, апатиялық бойкүйездікке салынбай, алға прогреске, білім мен технологияға жарқын болашаққа ұмтылуы керектігін босқа айтқан жоқ. Бүгінгідей әлемдегі алмағайып күрделі геосаяси кезеңде біздер, әсіресе жастар көзі ашық, көкірегі ояу, зерделі болғаны керек.
Байқауда үшінші орынды Нұрбай Жармұхамедовтың отбасы жеңіп алды. Күрестен Қазақстанның 8 дүркін чемпионы атанған спорт ардагерінің шаңырақ көтергеніне жарты ғасырға жуықтаған. Ал екінші орын саятшылық өнерді сақтаған Мұқаметқали Ахметжановтың отбасына берілсе, бас жүлде Ерекеновтер әулетіне табысталды.
Эльмира Сәлімқызы, "Мерейлі отбасы" байқауының жеңімпазы:
- Ата-анамыздың берген тәрбиесі, білімі соның арқасында осындай керемет іс-шараға қатысып отырмыз. «Мерейлі отбасы» келер ұрпақты тәрбиелеуге арналған керемет шара. Қазақстан елімізде «Мерейлі отбасы» көбейе берсін.
Ғылым, медицина және спорт саласында еңбек ететін әулет енді Астанада өтетін байқаудың финалдық кезеңіне қатысады.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев