Семей полигонының жері зерттеліп жатыр

Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толды. Алайда атом сынақтарының салдары әлі де өзекті мәселелердің бірі болып есептеледі.

Қазір Абай облысында полигон аумағын зерттеу, жердің қауіпсіздігін бағалау және тұрғындарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету жалғасып жатыр. Ғалымдар мен мамандардың айтуынша, ядролық сынақтардың табиғат пен адамға әсерін толық жою үшін әлі талай уақыт қажет.

Ядролық сынақтардың адам денсаулығына әсерін зерттеу жұмыстары ондаған жылдан бері жалғасып келеді. Семейдегі Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты полигон зардабын тартқан тұрғындарды бақылауда ұстайды. Мұнда 2002 жылдан бері 375 мыңнан астам адам радиация әсеріне ұшырағандар ретінде тіркелген. Мамандар олардың арасында кейбір аурулардың жиірек кездесетінін айтады.

Гүлнар Әжмұратова, Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

- Дертке шалдыққандар, қатерлі ісік аурулары, өкпе және бронх, әйел адамдарда омырау қатерлі ісігі. Бастың қатерлі ісіктері, көздің қатерлі ісіктері негізгі топта екі есе артық.

Қазір институтта тұрғындарға диагностикадан бастап ем қабылдауға дейінгі кешенді медициналық көмек көрсетіледі. Соңғы жиырма жылдан астам уақытта мұнда 706 мыңнан астам адам тексерілген. Қажет болған жағдайда науқастар стационарлық ем алады. Ал күрделі онкологиялық ауруларды емдеу үшін Семейде Ядролық медицина орталығы жұмыс істейді. Мұнда заманауи медициналық технологиялар қолданылады.

Бүгінде облыста 22 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Солардың бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған абилитация және оңалту орталығы. Нысан Президент тапсырмасымен салынған. Мұнда бір мезетте 150 адам медициналық, әлеуметтік және педагогикалық қызмет ала алады. Орталыққа полигоннан зардап шеккен азаматтар да келеді.

Құмарбек Дауытов, емделуші:                       

- Мекеме ашылғалы жылда осында келемін. Аз дегенде үш ай жатамын. Мұнда қызметтері жақсы. Неше түрлі аппараттары бар. Бәрін де қолданады.

Ал полигон аумағының өзінде де өзгерістер бар. Бұрынғы Семей сынақ полигоны Абай, Қарағанды және Павлодар өңірлерінің аумағын қамтиды. Жалпы жер көлемі 1,8 миллион гектар. Соның 1 миллион гектары Абай облысына тиесілі. Ұлттық ядролық орталық мамандары бірнеше жыл бойы аумаққа зерттеу жүргізді.Мамандар жердің радиациялық жағдайын бағалап, қауіпсіз және пайдалануға жарамды аумақтарды картаға түсірді. Зерттеу нәтижесінде 472 мың гектар жер шаруашылық мақсатта пайдалануға жарамды деп танылды. Бұл аумақ биыл сәуір айында облыстың қарауына берілді.

Әнуар Бейсенов, Сәулет, құрылыс және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта 1996-98 жылдары берілген жерлер бар. Ол жақта 13 жер учаскесі шаруа қожалықтарында, лас аумақта тіркелген. Осы 13 жер учаскесін, 8 шаруа қожалығының жерін біз таза аумаққа кіргізетін боламыз.

Ендігі міндет қауіпсіз аумақтарды нақты белгілеу және олардың шекарасын айқындау. Ол үшін радиациялық тұрғыдан ластанған және таза жерлердің арасы жасанды орман алқаптары арқылы бөлінбек. Семей полигоны жабылғанына 35 жыл өтсе де, оның зардабын жою жұмыстары әлі жалғасып келеді.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Сондай-ақ оқыңыз: