727 азамат өз кәсібін бастады 

Жаңа бизнес-идеяыңыз, ерекше жобаңыз болса, мемлекет 1 млн 700 мың теңге қайтарымсыз грант береді. 

Биыл Түркістан облысында осындай жобасы бар 1450 адам грантқа ие болады. Алғашқы жарты жылдықта 700-ден астам азамат мемлекеттің мүмкіндігін пайдаланып, өз кәсібін ашты. Биыл қандай кәсіп түрлеріне басымдық берілді? 

Түркістан қаласының тұрғыны Бағила Маймахова жыл басында мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, жартылай дайын өнім шығаруға арналған жобасын ұсыныпты. Комиссия мүшелерінің оң шешімін алып, 1 млн 700 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа қолжеткізді. Оған қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. 

Бағила Маймахова, қайтарымсыз грант иегері:

- Қазіргі таңда голубцы шығарып жатырмын, тефтели, тұшпара, манты, самса бар. Қазір осыларға сұраныс көп болып тұр. Қысқа қарай бұдан да жақсы жетістікке жетемін деп ойлаймын. Осы гранттың арқасында осындай дүниелерімді алдым. Үйде өзімнің кәсібімді дөңгелетіп, дүкендерге, Instagram желісі, TikTok арқылы сатып отырамын.

Ал Ордабасы ауданының тұрғыны Сағира Елемес қайтарымсыз грантқа көптен бері өзі армандап жүрген тігін шеберханасын ашқан. 850 мың теңгеге ою-өрнекті кестелеп, тігетін тігін машинасын сатып алыпты. Қазір сіңілісі екеуі ұлттық нақыштағы мектеп формасы мен сырт киімдер тігіп жатыр. Қыз жасаулары мен тойға қажетті тарту-таралғыларға тапсырыс қабылдайды. Тек тігіп қана қоймай, дайын киімдерді жалға да береді. 

Сағира Елемес, қайтарымсыз грант иегері:

- Тойларға береміз. Беташар, сүндет той, тұсаукесер, абысын көйлектері, жеңге көйлектері деген сияқты. Жалпы, Темірлан ауылының тұрғындарына қандай сұраныс бар, соның бәрін тойға қатысты дайындап береміз. Киімге сурет басатын, тойбастардың суретін басып шығаратын аппарат алдық.

Қайтарымсыз грант әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жаңа жизнес жобалар үшін беріледі. Ордабасы аудандық мансап орталығының директоры Дінислам Әбдіхаймов экономиканы әртараптандыру мақсатында көп кездесе бермейтін, ауылды жерде жоқ, ерекше жобалар басымдыққа ие екенін айтады. 

Дінислам Әбдіхаймов, ордабасы аудандық мансап орталығының директоры:

- Мысалы, Жеңіс ауылы – шалғай ауыл. Шалғай ауылдан орталыққа массажға келіп жүргеннен гөрі, қайтарымсыз гранттың ақшасына құрал-жабдық алып, сол ауылдан массаж орталығын ашқандар бар. Өз ауылында не жоқ соған қарай кеңес береміз. 

Биыл Түркістан облысы бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1450 грант бөлінді. Қайтарымсыз қаржы екі кезеңмен беріледі. Алғашқы жарты жылдықта 727 азамат грант алып, өз кәсібін ашқан. 

Ерсұлтан Хайрулла, облыстық еңбек мобильдік орталығының жауапты маманы:

- Биылғы жылы өндіріске, өңдеу орындарына, яғни шикізатты өңдеп, халыққа тұтынушыларға, тігін, мақта сияқты салаларға көп басымдық беріледі. Жаңадан бастап, жұмысын енді дөңгелетіп жатқан кәсіпкерлерге, одан бөлек жұмыссыз азаматтарға беріледі. Біздің мақсатымыз – жұмыссыздарды қолдау. 

Қайтарымсыз гранттың екінші кезеңі қыркүйек айында басталады. Ол кезде техникалық қызмет көрсету, мал, құс шаруашылығы, көкөніс өнімдері, қол өнер бұйымдары және тамақ өндірісі салаларындағы ерекше жобаларға  басымдық беріледі деп күтілуде. 

Авторлар: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов

Сондай-ақ оқыңыз: